Құқық қорғау органдары

3 күн ішінде 12 мас жүргізуші анықталды

Облыста 5-ші ақпаннан бастап “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Акцияның 3 күні ішінде 12 мас жүргізуші анықталды. Петропавлдағы Қожаберген жырау көшесінде полицейлер 38 жастағы ресейлік басқарған “Toyota Camry” автокөлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында көліктің иесі ол емес екені белгілі болды. Темір тұлпар – жолаушы орнында отырған қала тұрғынының мүлкі. Нәтижесінде ащы судан ұрттаған екеуі де жазаға тартылды. Сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылды. Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара аясында аймақта жол жүрісі қағидасының 890 мәрте бұзылғаны анықталды. Ең жиі кездесетін бұзушылық – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Мұндай 152 факті тіркелді. Өткен жылы жылдамдық режимінің бұзылуынан 16 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 21 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал артта қалған қаңтар айында 1 апат орын алып, 3 адам ажал құшты.

 

Мәдина Қаби