Биыл өңірге ақ ұлпа әдеттегіден көп жауғаны ел аузында жүр. Оның үстіне кешеден бері ауа райы бұзылып, қар қалың жауып тұр. Бұл өңір тұрғындарының аяқ алып жүруін қиындатыны айтпаса да түсінікті. Осы мақсатта жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаһардың көп бөлігінде, әсіресе Жұмысшы кентінде қар тазалау қарқынды атқарылуда.
Қазір қаланың бұл ауданында 70-ке жуық техника жұмыс істеп жатыр. Темір көлікті тізгіндегендер күн демей, түн демей тер төгуде. Тұрғындардың емін-еркін жүруіне барларын салуда. Атқарылып жатқан жұмыс жергілікті тұрғындар қандай баға береді екен?
ВИКТОР БАСТЕЕВ, қала тұрғыны:
– Көп рахмет. Жұмысшы кентін ұмытпайды. Қар тазалау жұмысы үнемі жүргізіледі. Өзім мұнда 50 жылдан бері тұрамын. Жер үйлер болғандықтан қар қалың жауғанда жүріп тұру қиындайды. Тіпті дүкенге әрең баратынбыз.
Бүгінде қала бойынша 120 техника жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта оның санын 200-ден асыру жоспарланған екен.
ЖАНЕЛЬ БАТАНОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Жұмысшылар мен техникалар қаланың әр аймағына бөлінген. Әрқайсысы өз учаскелеріне жауапты. Соңғы күндері қар көп жауып жатыр. Қар тазалау жұмысы тыңғылықты атқарылатын болады. Тұрғындардың да қандай да бір шағымдары болса әлеуметтік желі арқылы немесе тікелей әкімдікке келіп айта алады. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердің де жанындағы қарды тазалаймыз. Жұмыс тегін жүзеге асады.
Айта кетейік, бүгінгі дейін облыс орталығынан 544 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.
Ақжүніс Мұқатай