Қоғам

Волонтерлер зейнеткерге қар тазалауға көмектесті

Мұндай кезде аумақты өз бетінше тазалай алмайтын зейнеткерлер мен жазғызбасты аналарға қиын. Қала тұрғыны Людмила Климович жер үйде жалғыз өзі тұрады. Үйінің алды оппа қар, аяқ алып жүргісіз. 68 жастағы нәзікжандыға қала еріктілері көмектесуде.

ЛЮДМИЛА КЛИМОВИЧ, қала тұрғыны:

– Көмек қажет болған кезде еріктілер келеді. Жазда тереземді жуып, қыста үйімнің алдын тазалап береді. Тіпті шатырдың да қарын түсіреді. Өзімнің шамам жетпейді. Екі қызым бар, екеуі де Ресейде тұрады. Жиі келуге мүмкіндіктері жоқ.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, іске «Күміс еріктілер» ұйымы мен «Жастар ресурстық орталығының» белсенділер білек сыбана кірісті. Егде жастағылар мен жастар небәрі 20 минуттың ішінде ауланы тап-таза қылды.

ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, волонтер:

– Менің белсенділігім мектеп кезінен басталды. Мектеп кезінде де осылай қар тазалау акцияларына немесе субботниктерге қатысып жүретінбіз.

Көмек керек жағдайда еріктілерге әлеуметтік желі арқылы шығуға болады. Белсенділер осы апта ішінде 3 үйге барған. Алдағы уақытта да бірнеше үйді қамтуды жоспарлап отыр.

 

Гүлден Сембаева