Өнегелі ұрпақ берекелі отбасында тәрбиеленеді. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны рас, бірақ араға түскен кірбің ұлғайып, отбасының шырқын бұзып жатады.
Ал ерлі-зайыптылар ішімдікке құмар, жанжал шығарғыш болса отбасына береке ұялату тіпті қиын. Полиция қызметкерлері өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Барлығы – 900-ге жуық адам тексерілген.
ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімі ЖПҚБ бастығы:
– Іс-шараның негізгі міндеті – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу. Сондай-ақ, ІІО-ның профилактикалық есептерінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша барынша тексеру, құқық бұзушылықтар жасауға бейім адамдарды анықтау болды.
Жанұядағы жанжал қылмысқа әкеп соқтыруы ықтимал. Оның әуелгі себебі алкогольмен қоса қаржының жоқтығы болуы мүмкін. Облыста 12 күннің ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 75 фактісі тіркеліп отыр.
ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімі ЖПҚБ бастығы:
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша мынадай ден қою шаралары қабылданды. 133 қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Сот алкогольді ішуге тыйым сала отырып, құқық бұзушының мінез-құлқына 40 ерекше талап қойды. 325 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 73-і – отбасылық дебошир мен агрессор.
“Тұрмыс” шарасы барысында ішімдіктен арыла алай келе жатқан 9 адам мамандандырылған медициналық мекемеге емдеуге жіберілді.
Гүлден Сембаева