Аққайыңдар өлкесінде көктемгі дала жұмыстарының ауылы алыс емес. Қазір маңызды кезеңге бейінді басқарма да, іскер жандар да дайындалып жатыр. Биыл облыста түсімді 2 есеге ұлғайту мақсатында егістік жердің көлемі кеңейеді. Басымдық азықтық дақылдарға берілмек. Бұл туралы өңірдің бас диқаны Мейрам Меңдібаев тілге тиек етті.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Қарақұмық алқабы 26 мың гектар болады. Өткен жылы 24 мың гектар болды. Картопқа тиесілі жер 1,7 мың гектарға кеңейеді. Сонымен қатар, көкөніс егілген жерді 1,6 мыңға ұлғайтамыз.
Диқандарды жеңілдетілген жанармаймен қамту, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау – мемлекеттің негізгі міндеті. Бұл бағытта айтуға тұрарлық деректер бар. Алғашқысы бойынша 1 мыңнан астам жерлесіміз өтініш беріпті.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– 1446 өтініш түсті. Көлемі 53,2 мың тоннаны құрайды. 1 литр жеңілдетілген жанармайдың бағасы 250 теңгені құрайды. 10 оператор анықталды.
Биыл облыс 256 мың тонна көлемінде минералды тыңайтқыш сатып алмақ. Ол шамамен 3 млн гектар алқапқа енгізіледі. Осы жылы өсімдік шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 24 млрд теңге бөлінді. Оның 7 млрд астамы тыңайтқыштарға бағытталмақ.
Байболат Құлтанов