Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезеңі жақындап келе жатыр. Санаулы уақыттан кейін жылымық сезіліп, ақ ұлпа ери бастайды. Сәйкесінше, қауіп те артуы мүмкін. Бүгін өңірде оқыс оқиғалардың алдын алу үшін “Көктем-2024” республикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілуде. Жұмыс Есіл өзенінен басталды.
Оқу-жаттығу жиыны барысында қолдарына арнайы құрал ұстаған мамандар мұзды ойып жатыр. Сол жерге қамыс орналастырылуда. Ол қар суға айналып, арнасынан асқанда суды өзіне сіңіріп алуға көмектеседі. Бұл жерде құтқарушылардан бөлек 6637 әскери бөлімінің сарбаздары да дайындықтарын пысықтауда. Олар жоғалған адамды іздеуде немесе көмекке мұқтаждық туындаған жағдайда қандай іс-әрекет жасау керек екенін тағы бір естеріне түсірді.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, облыс аумағында алдыңғы жылдардан қарағанда қардың биіктігі мен құрамындағы судың мөлшері нормадан жоғары болып тұр. Осыған байланысты облыс әкімінің бақылауы және басшылығымен қажетті іс-шаралар өңір бойынша ұйымдастырылып жатыр. Олардың қаншалықты сапалы және тиісті деңгейде жүргізіліп жатқаны тексеріліп жатыр.
Көктем келіп, жылғалардан су ақса болды қай өзен арнасынан тасиды деп ауылдағы ағайынның берекесі қашады. Солтүстік Қазақстанда 87 ауылды су басу қаупі бар. Биыл түскен қар әдеттегі нормадан біршама артық. Төтеншеліктер алда күтіп тұрған қиын кезеңге мықтап дайындалуда.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
– 87 елді мекенді жіктеп 3-ке бөлуге болады. Алғашқысы – өзендердің, екіншісі – көлдердің көтерілуіне және ерген қар суынан төнетін қауіп. Мұндай барлық аудандарда бар. Қазгидрометтің берген болжамдарын есептеп отырамыз.
Айта кетейік, “Көктем-2024” республикалық оқу-жаттығу жиыны 2 күнге созылмақ. Ал бүгінгі шараға 300-ден астам маман мен 113 техника жұмылдырылды.
Ақжүніс Мұқатай