Қардың көп жауғаны әсіресе үлкен кісілерге қиындық тудырады. Осы жылы өңірде жауған қар көлемі 3 есеге көп.
Осыған байланысты қызылжарлық белсенділер бірлесіп «Жақсылық жаса» атты акция ұйымдастырды. Жастар көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне барып, қар тазалап, суын әкеп береді. Дәл қазір волонтерлер 75 жастағы жалғызбасты нәзікжандының ауласында. Қарын тазалап жатыр. Көмек қолын созуға дайын тұрған жандар таңнан бері 3 мекенжайға барған. Негізі, мұқтаж жандардан түсетін өтінім көп дейді қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Жұлдыз Тоқтарғазы.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Мұқтаж жандарға көмектесеміз. Олар: мүгедектігі бар адамдар, жалғызбасты адамдар, асыраушысынан айырылғандар, жанында бала-шағасы жоқ адамдар өздері қар күреп, су таси алмайтын, отын кіргізе алмайтын, отын жара алмайтын. Осындай адамдардың барлығына көмектесеміз.
Бұл жандар қыс уақытында ғана емес, жазда да көмек қолдарын созуға дайын.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Көмек үнемі қажет. Ол қыс кезінде ғана керек. Одан кейін ешкімге көмек қажет емес деген сөз емес. Жаз күнінде де қажет. Бірақ, жаз күнінде өте аз. Күн жылы, адамдар өздері шығып жасағандықтан, қыста көп жұмысты талап ететін уақыт – ол қыс кезі.
Волонтерлер жыл басынан 200-ден аса адамға көмек қолын созған. Жиналған еріктілердің жастары әртүрлі. Жұмыс талғамайды, жасы да бар, одан ересектері де жүр.
ТИМУР ОЛАС, волонтер:
– Мысалы, осылай көмектесіп жатқанымыз өзімізден кейінгі ұрпаққа тәрбие өнеге деп ойлаймын. «Ауыл» партиясынан келдім. Бір жыл болды айналысып келе жатқаныма.
Айта кетейік, өңірде бүгінде мыңға тарта ерікті бар.
Мәдина Қаби