“Солтүстік” ӘКК бірнеше инвестициялық жобаны қаржыландырды. Оның ішінде көкөніс қоймасы, жарма зауыты, саңырауқұлақ фермасы мен асыл тұқымды қой өсіру жобасы бар. Жобалардың ең ірісі – «EcoGlade» деп аталатын саңырауқұлақ фермасы. Бастаманың жалпы құны 4,9 млрд теңге болса, оның 3 жарым млрд-ы “Солтүстік” арқылы алынған займдық қаржы. Кешеннің жылдық қуаттылығы 1,2 мың тоннаны құрамақ, бұл – ел нарығындағы көлемнің төрттен бір бөлігі.
Ал жарма зауыты дәнді және дәнді-бұршақты дақылды сағатына 800 келіге дейін өңдей алады. Петропавлдық өндіріс орны жасымық, жүгері, арпа және бидай жармасын өндіретін болады. Жобаны жүзеге асыруға «Солтүстік» корпорациясы арқылы 64 млн теңге қарыз рәсімделді. «AMANAT» шаруа қожалығы Тайынша ауданында асыл тұқымды Еділбай қойларын өсіреді.
5 мың бас мал мен қажет ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін жеңілдетілген шартпен 500 млн теңге қарыз рәсімделіп отыр.
Жылына 36 тоннаға дейін ет өндіру жоспарлануда. Сыйымдылығы 4,5 мың тонналық көкөніс қоймасын Қызылжар ауданында “Агрос” фермерлік қожалығы салады. Бұл мақсатта «Солтүстік» корпорациясы 300 млн теңге көлеміндегі займды мақұлдаған.