Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің төбесі қардан тазартылуда. Қаңтар айының соңында басталған маңызды жұмыс бірнеше аптаға созылады.
ӘСЕТ ЫСМАҒҰЛОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Сенбі күні Жұмабаев, 101, Интернационал, 34 мекенжайы бойынша орналасқан үйлердің шатырлары тазаланды.
Интернационал көшесіндегі мына баспананың шатырына әжептәуір ақ ұлпа жиналып қалған. Оны қолдарына күрек алған жігіттер жерге түсірді.
АСҚАР СЕКСЕНОВ, “Интернациональная, 59” ПИК төрағасы:
– Бұл жұмысты жылда жүргіземіз. Арнайы мамандарды жалдадық. Жігіттер істі жылдам әрі сапалы тындырды. Енді төбеміз қирайды немесе жерге қар құлайды деген қорқыныш жоқ. Өзімнің және тұрғындардың атынан алғыс білдіремін!
Ал, бұл – Жуков көшесіндегі 42-ші үй. Мұнда да жағдай мәз емес. Төбедегі қардың қалыңдығы ондаған сантиметрді құрайды.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Биыл қар жер де көп, төбеде де көп. Оған өзіміз жоғарыға шығып, көз жеткіздік. Жаңа арнайы құрылғымен ақ ұлпаның қалыңдығын өлшеп көріп едік, 35-45 см екенін ұғындық.
Төбедегі қар жердегі тұрғындардың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Біріншіден, әбден тығыздалған ақ ұлпа кішкентай балаларға, қарт адамдарға түссе, басып қалуы да ықтимал. Екіншіден, күн жылынғанда қатып, жел тұрғанда жан-жаққа ұшатын мұздан да сақтану керек. Мұндай мәселе туындамас үшін пәтер иелері кооперативі немесе мүлік мелері бірлестігі төрағалары жауапкершілікті сезінуі тиіс.
ӘСЕТ ЫСМАҒҰЛОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Солардың төрағалары осы кезеңде жұмысты бастап кету керек. Бұл – солардың жұмысы.
Тиісті жұмыс жүргізілмесе, тұрғындар төрағаға ескерту жасай алады. Ал егер тұлға бұған құлақ аспаса, учаскелік инспекторға арыздануға болады. Құқық қорғау органына шағым түссе, хаттама толтырылып, ПИК немесе МИБ басшысына айыппұл салынады.
– Әкімдіктің техникасы жетпей жатқан шығар. Енді осы қарды уақытында тазалау керек.
– Өзім ескі 3 қабатты үйде тұрамын. Шатыры тозып тұр. Қарды тазалау керек. Бұл мәселеге төраға назар аударса екен.
Назар аударылмаса Абай көшесінде орналасқан 84-ші үйдегі жағдай қайталануы мүмкін. Мұнда қалың қарға ескі шатыр шыдас бермей құлағаны белгілі. Қазір мамандар қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына кіріскен.
Байболат Құлтанов