Құқық қорғау органдары

“Қару иесі”: 12 күнде – 8 факті

Полиция қызметкерлері облыста “Қару иесі” акциясын өткізіп жатыр. Оның аясында қаруы бар 5 мыңға жуық адам тексерілді. Мамандар 12 күннің ішінде аңшылыққа арналған тегіс ұңғылы мылтықты заңсыз сақтаудың 8 фактісін әшкереледі. Айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасырғандар жазалы болса, құжаты жоқ қаруды өз еркімен әкеліп тапсырғандар жазадан құтылады.
49 жастағы қала тұрғыны тәртіп сақшыларына еш жерде тіркелмеген 16 калибрлі “ТОЗ” мылтығын әкеп берген. Айтуынша, қаруды орман ішінен тауып алған.

ВАДИМ КЛИМЕНОВ, қала тұрғыны:

– Борки кентінің тұсында жүрген едім. Ағаш түбінде пакет тұрғанын байқадым. Келіп қарасам, ішінде мылтық бар екен. Оны со күйі қалдырып кетпей өзіммен бірге алып кеттім. 16-шы калибрлі мылтық екен. Оны полиция қызметкерлеріне өткізуді жөн көрдім.

ЕРБОЛАТ ҚАБЫРОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– Азаматтарымызды оларда тіркелмеген қаруды ІІО-ға тапсыруға шақырамыз. Бұл ретте сіздер қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатыласыздар.

Сондай-ақ, шара барысында қаруы заңды, бірақ оны сақтау ережесін бұзған 30-ға жуық адам анықталды. Олар тиісті жауапкершілікке тартылды. Тағы 21 адам қаруын белгіленген мерзімде қайта тіркемеген.

 

Гүлден Сембаева