Облыста өткен жылы есірткіге қатысты 280-нен астам құқық бұзушылық тіркелген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда шамамен 14 пайызға көп. Тіркелген фактілердің 100-ден астамы синтетикалық нашаға қатысты. Оның 60-тан астамы – сату, 6-ауы – аса ірі көлемдегі есірткіні сақтау болып саналады. Заңсыз айналымнан барлығы – 700 келіден астам түрлі наша тәркіленіп алынған. Мамандардың айтуынша өңірде есепте тұрған ең жас нашақор 19 жаста дейді. Жастар жеңіл ақша табамыз деп есірткіге қалай салынып кеткендерін байқамай қалады. Әсіресе, синтетика өзіне тез тартып алатын көрінеді.
ЕҢБЕК СЕМБИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Нашақорлыққа жастар бейім келетіндіктен қазр профилактикалық жұмысқа басымдық беріп жатырмыз. Жоғары сынып оқушылары арасында 750 алдын алу шарасын өткіздік. Бүгіннен бастап ел көлемінде “Заслон” атты арнайы шара ұйымдастырамыз.
Тәртіп сақшылары мен волонтер жастардың қатысуымен өткен гарнизондық жиында арнайы шақырылған мамандар нашаның адам ағзасына, одан әрі қоғамға келтіретін зияны мен төндіретін қаупі жайында айтты.
АЛЕНА МОЖАРОВА, психиатр-нарколог:
– Есірткі тұтынатын адамды оның көзінен аңғаруға болады. Ондай жандар жарыққа дұрыс қарай алмайды, көздері жылтырап тұрады, өздерін үнемі шаршаңқы күйде сезінеді. Оған бірдеңе десең, кері байланыс жасамауы мүмкін. Ақырын қимылдайды. Сұрақ қойсаң, ойына келгенін айта салады. Көп дүниеге бейжай қарайды.
“Заслон” жедел-алдын алу шарасы барысында, яғни 3 күн ішінде
тәртіп сақшылары белсенді жастармен бірге оқу орындарын аралайды. Оқушыларға да, студенттерге де нашаның зиянын түсіндіріп, одан бойды аулақ ұстау қажеттігі туралы егжей-тегжейлі баяндап береді.
Мәдина Қаби