Спорт

Балалар мен жасөспімдер арасында жүзуден жарыс өтіп жатыр

Суда балықша жүзетін жастардың арасындағы жарыс. Бүгін қаладағы “Дельфин” спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдердің арасында суда жүзу біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Дода Кеңес Одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Айта кетейік, бұл – аталмыш мекемеге жасалған күрделі жөндеуден кейін өткізіліп тұрған алғашқы сайыс.

АЛЕКСАНДР САВЕЛЬЕВ, “Дельфин” БЖСМ жаттықтырушысы:

– Бүгінгі жарыста 120-ға жуық ұл-қыз сынға түседі. Жалпы, сайыста жеңіске жетіп, өздерін мықты жағынан көрсеткендер наурыз айының ортасында Бурабайда өтетін додаға жолдама алады. Сонымен қатар, алда Қазақстан чемпионаты тұр. Оған да тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Жалпы, өңірде жүзу спорты балалардың арасында қарқынды дамып келе жатыр деп айта аламын.

Жеткіншектер қаз-қатар тізіліп тұр. Ысқырық шалынғаннан кейін барлығы суға сүңги жөнелді. Қазір ер балалар жарысып жатыр. 5 спортшы еркін стильде өзара мықтыны анықтамақ. Арасында 14 жастағы Егор Демков те бар. Жүзумен 8 жыл бойы айналысып келе жатқан жас бала мәреге ең бірінші болмаса да алғашқылардың бірі болып жетті. Нәтиже жаман емес.

ЕГОР ДЕМКОВ, жарысқа қатысушы:

– Жүзумен көптен бері айналысамын. Жеткен жетістіктерім мен иеленген жүлделерім аз емес. Республикалық чемпионаттарға қатысқанмын. Спорт шеберіне үміткермін. Бұл спорт түрі өзіме қатты ұнайды. Денсаулыққа да пайдасы орасан. Әрі қарай жүзумен айналысып, өңір намысын ауқымды жарыстарда қорғағым келеді.

Дода 2 күнге созылады. Топ жарып, үздік атанғандар сыйлықтармен марапатталып, өңір намысын республикалық сайыста қорғауға аттанады.

 

Ақжүніс Мұқатай