СҚО әкімдігіҚоғам

Жаңа үйдің жағдайы

Петропавл қаласының тұрғыны Анар Абдрахманова бұл үйге 2022 жылы көшіп келген. Екі бөлмелі пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. 32 жастағы тұрғын үйде тоңып отырғандарын айтады. Пәтерді жылыту үшін бір емес, екі жылыту пешін қолданады екен. Салдарынан тек электр тоғы үшін айына 20 мыңға жуық қаражат жұмсайды. Ол балалары ауырып қала ма деп алаңдайды.

Анар Абдрахманова, қала тұрғыны:

– Мына барлық терезелері – бәрі застройщиктен, нашар терезелер жалпы қойылған. Терезелердің маңайынан қатты салқын уақытында жел үрлейді. Жел көтерілген кезде тіпті үйдің іші суып кетеді. Авария болып, 3-4 күндей мүлде отопления болмады үйде. Насос сияқты проблемалардың жоқтығынан ваннада ыстық су болмайды бірнеше күндеп. Үш күндеп без отопления, ыстық сусыз кішкентай балалармен бір үйде тұрдық.

Үйдің сапасына шағымданып отырғандардың тағы бірі – Михаил Милютин. Қала тұрғыны үйдің қабырғаларынан жарықтар кетіп, кірпіштері құлауға шақ қалғанын айтады. Оған қоса шатырдан сорғалап су ағады дейді. 42 жастағы тұрғын балаларымның ғана емес, аулада жүрген барлық адамның өміріне қауіп төніп тұр дейді.

Михаил Милютин, қала тұрғыны:

– Шатырдағы мәселені өзім қолға алуға тырысып, жарықтарды орап қойдым. Себебі, көктемде, әсіресе жаңбырлы күндері су үйге ағып кетуі әбден мүмкін. Үй мүлдем сапасыз салынған. Қабырғалардың арасында оқшаулау жоқ, жел үрлейді. Еден де суық. Тұрғындар өз бөлмелерін тоңазытқышқа айналдырды. Мұндағы әр пәтерді жеке қарау керек. Көптеген құрылыс компаниялары бұл норма шегінде деп айтып отыр. Оны қалай түсінуге болады? Бұған жауап беру керек, жұмысты күшейту керек.

Амалы таусылған тұрғындар жергілікті әкімдіктен көмек күтіп отыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәселемен танысу үшін үйді толықтай аралап, тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы мәселенің алдын алу үшін жауапты орган өкілдеріне тапсырма берді.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз барлық ескертулерді қарадық. Бұл мәселеге жауап беретін боламыз. Құрылыс барысында кемшіліктер кеткен. Шешуді талап ететін сұрақтар бар. Бұл мәселені қала әкіміне тапсырамын. Жергілікті тұрғындармен кездесіңіз, комиссиялық тексеру жүргізіңіз. Барлық мәселені жойыңыз. Жұмысты сапалы орындау керек. Мен сізге осындай тапсырма беріп, ескерту жасаймын.

Қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері де бұл мәселемен таныс. Бүгінге дейін нысанға техникалық зерттеу жүргізген. Олар барлық кемшіліктерді енді ғана анықтап, жұмысқа күн жылынғанда ғана кірісеміз деп отыр.

Болат Конгужинов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Мәселе үйді үш мердігер ұйым салынғанына қатысты болып отыр. Бүгінгі таңда олардың әрқайсысы банкроттыққа ұшырады. Соңғы фирма – «Құрылыс сервис» ЖШС. Мердігер компания бұл нысанда әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Техникалық, авторлық қадағалау қабылдаған кезде нысан жарамды күйде болды. Барлық кемшіліктер жаз айларына дейін жойылатын болады.

192 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы орта есеппен алғанда миллиардтан асқан. Жауапты мамандар кепілдік мерзімі аяқталғанымен кемшіліктерді жою үшін мердігерге бюджеттен қаражат бөлінбейді, олар өз есебінен жүргізулері тиіс деп отыр.

 

“Первый Северный” телеарнасы