Өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасы бастау алды. Осымен екінші жыл қатарынан қолға алынған шара аясында жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе бюджеттік сала өкілдері курстан өтеді. Бүгін Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері арнайы маманмен жүздесіп отыр. Олар 5 күн бойы дәріс тыңдап, қаржылық білімдерін толықтырмақ.
ДМИТРИЙ ШЛЕДЕВИЦ, «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту РҚБ СҚО бойынша төрағасы:
– «Қарызсыз қоғам» жобасы несиеге тәуелділіктен арылуға көмектеседі. Біз қандай банкпен жұмыс істеген тиімді екенін айтамыз, ақша жинау мен отбасылық бюджетті жарату тәсілдерін де үйретеміз. Алаяқтарға қарсы шаралар да ұмыт қалмайды. Жалпы, бүгін кезекті мәрте бастау алып отырған жобаның пайдасы зор. Оның аясында мыңдаған теріскейліктің таным көкжиегін кеңейтеміз.
Көпшілік алдында сөз алған жанның қаржы саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Былтыр білікті маманнан бақандай 18 несиесі бар тұрғын ақыл-кеңес тыңдапты. Ақыры соңында берешек көлемі 2-еуге дейін қысқарған екен. Тілдесу еркін форматта да өтеді. Яғни, тыңдаушы сұрақ қоя алады.
ДМИТРИЙ ШЛЕДЕВИЦ, «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту РҚБ СҚО бойынша төрағасы:
– Адамдар бірінші кезекте өздерінің ақшаларын санауы керек. Оның қарапайым бір жолы – телефонда кіріс пен шығысты тіркеу. Осы арқылы тұрғын сараптама жүргізіп, өзінің мүмкіндігін бағалайды және ой түйеді. Сонымен қатар, телефон, телевизор сынды дүниелерді несиеге алмаған жөн. Өзім күнде 500 теңгеден ақша жинауға шақырамын. Жыл соңында сіздің шотыңыздағы сома 180 мың теңгеден асады. Міне, соны техникаға жұмсауға болады.
Жоба ұйымдастырушылары өзге де мекемелерге бас сұғады. Әкімдік өкілдері ақшаны дұрыс жұмсау, үнемдеу жайлы айтқан маманды ұйып тыңдады. Олар қолға алынған істі жоғары бағалайды. Солардың бірі – Қымбат Самратова.
ҚЫМБАТ САМРАТОВА, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:
– Үнемдей білу керек. Жастарға қиын. Бәріміз банкке жүгіреміз.
Сонымен қатар, адамдарға «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында бизнес бастау және жүргізу бойынша да кеңестер беріледі. Өңірімізде бастама желтоқсан айына дейін жалғаспақ. Айта кетейік, жобаға Петропавл қаласынан бөлек, Есіл, Айыртау және Мамлют аудандары енген.
Байболат Құлтанов