Спорт

Қысқы дрифтен Петропавл кубогы өтті

Демалыс күндері облыс орталығында қысқы дрифтен Петропавл кубогы ұйымдастырылды. Оған көрші Ресей мен өңіріміздің түкпір-түкіпірінен келген 30-дан астам білікті жүргізуші бақ сынағалы жатыр.

Неміс автокөлігі мен ресейлік машина сынға түскелі тұр: BMW мен Жигули. Қос жүргізуші әуелі темір тұлпарларының қозғалтқыштарын қыздырып алып жатыр. Сәлден соң белгі берілгеннен кейін екеуі де зуылдай жөнелді.

Жарыс жолы бұралаң. Қатысушылар қос-қостан жарысады. Бұл жерде жылдамдық қана емес, тапсырманы орындау техникасы да бағаланады. Көліктер бірдей қозғалуы қажет, қалыс қалғаны ұтылады. Ұтқанына ұпай қосылады. Жигулидің рөлінде отырған – Егор Еременко. Омбылық азаматтың көлік жарысына қатысып жүргеніне 4 жыл болған.

ЕГОР ЕРЕМЕНКО, жарысқа қатысушы, РФ:

– Қарсыласым кейбір бұрылыстан дұрыс өткен жоқ. Мен жақсы өнер көрсеттім деп сеніммен айта аламын. Қатысушылар мына жерде алдын ала дайындалғандықтан жолдың бедері бұзылып қапты. Көлікті басқару қиынға соқты.

Техникалар тегеурінді, жүргізушілер тәжірибелі. Бірақ, кейбір көліктердің аққаулықтары шығып жатты. Тіпті, жарыс кезінде бір-біріне соғылып қалғандары да болды.

АЗАТ ӘБДІРАХМАНОВ, жарысты ұйымдастырушы:

– Бұл жарысқа қарапайым көліктер қатыса алмайды. Әрқайсысының техникалық жай-күйін, жабдықталуын арнайы маман жіті қарап шығады. Барлығы талапқа сай болуы қажет. Жүргізушінің өзі шлем киеді.

Қысқы дрифт өңірімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Күн суық болса да жиналған жұрттың қарасы қалың.

– Біз жаңа ғана келдік. Жүргізушілердің бұл жарысқа біраз дайындалғандары көрініп тұр.
– Мен туған ағам Бақтияр Калмусиновті қолдап келіп отырмын. Ол жарыс жолына әлі шыққан жоқ. Ағамды қолдауға достарыммен бірге келдім.

Дода соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, арнайы сыйлық табыс етілді.

 

Гүлден Сембаева