Қауіпсіздік керуені. Өткен сенбі күні Полудино ауылында осындай атаумен ауқымды науқан бастау алды. Акция барысында полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен облыстық жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері мен құтқарушылардың өздері де ауыл тұрғындарымен кездесті. Негізгі мақсат – ауылды елді мекендердегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлім бастығы:
– Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылында өрт қауіпсіздік ережесі туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Акцияға 3 техника және 18 адам жұмылдырылды.
Шара барысында қарапайым дегенмен маңызды ережелер түсіндірілді. Қатысушылар жеке тұрғын үйлерге барып, иелерімен әңгімелесіп, жаднама қағаздарын қолдарына ұстатты. Кейбір үйлердің электр сымдарының әбден тозығы жеткен, пеш алдына төселген қаңылтырлары тым кішкентай немесе кілем пешке тым жақын төселген. Тұрғындарға осы олқы тұстар көрсетіліп, оның дұрыстау қажеттігі туралы айтылды. Мамандар бірінші кезекте көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер мен жалғызбасты жандар тұратын баспаналарға бас сұқты.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Тіркелген өрттердің басым бөлігі жер үйлерде болған. Біздің мақсатымыз – алдын алу жұмыстарын жиі әрі нәтижелі өткізу арқылы өртті болдырмау. Осы рейдке 80-нен астам адам қатысып, барлығы – 500-ден астам ауыл тұрғыны қамтылды.
Жалпы, жыл басынан бері облыста 50-ден астам өрт болды. Салдарынан 3 теріскейлік опат болып, 4 адам жарақат алған. Бір айта кететіні, биыл тіркелген өрт саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аз екен.
Ақжүніс Мұқатай