Қоғам

“Ұлттық қордан” балаларға алғашқы төлем түсе бастады

Бүгіннен бастап «Ұлттық қор-балаларға» жобасы аясында 18-ге толмаған ұл-қыздарға түскен қаражатты тексеруге болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Ұлттық қор-балаларға» жобасы биыл 1-ші қаңтардан іске қосылды. Инвестициялық табыстың 50 пайызы жыл сайын кәмелет жасқа толмаған барлық балалар арасында бөлінетін болады. Әр балаға жыл сайын 100,5 доллардан түсіп отырады.

ҒАЛИЯ МҰҚАНОВА,«БЖЗҚ» АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Осы «Ұлттық қор» бағдарламасының ең басты мақсаты – жасөспірімдерге, жас ұрпаққа қолдау беру. Ұлттық қордың қаражатын 2 мақсатта пайдалануға болады. Ол: оқу ақысын төлеу, оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарында да, сондай-ақ, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады.

18-ге толған жас жиналған ақшаны үй алуға жұмсағысы келсе, онда баспана Қазақстан аумағында болуы қажет. Бала кәмелетке толмайынша қаражатты шешіп алуға болмайды. Қайтыс болған жағдайда “Ұлттық қор” төлемі тоқтатылады. Мұндай жағдайда мұрагерлік бойынша жақындарына беріледі.
Есепшоттағы ақша бала кәмелет жасынан асқаннан кейін 10 жыл бойы сақталады. Қаражат талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады.

ҒАЛИЯ МҰҚАНОВА, «БЖЗҚ» АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Қазақстандықтар балаларының шотын тексере алады. Ол үшін enpf.kz және egov.kz. немесе мобильдік қосымшасы арқылы балаларының ЖСН-дарын жазып, қанша қаражат түскенін байқауға болады. Қаражат түсіп, 18 жасқа толған кезде уәкілетті операторларға өтініш беруге болады. Қазақстан бойынша уәкілетті операторлар Қазпошта және екінші деңгейдегі банктерден қаражатты ала алады.

Осы орайда өңір тұрғындарының пікірін білуді жөн көрдік. Біреу бұл бастаманың барына разылығын білдірсе, енді біреуі тіпті бұндай жобаның барын білмейді екен.

– Өзім көпбалалы әкемін. 3 балам да мектепте оқиды. Кенжем әлі кішкентай. Шынымды айтсам, бұндай жоба туралы естімеппін.
– Немеремізді мектептен қарсы алуға бара жатырмыз. “Ұлттық қор” жобасы туралы әлеуметтік желіде көрген болатынмын. Бұл бастама мақтауға тұрарлық.
– Бағдарламаның тиімділігін уақыт көрсетеді. Кез келген жағдайда балаларға қолдау қажет. Қазір кішкентай болғанымен, қалай өсіп кеткенін байқамай да қаласың. Бұл жинақ балаларға болашақта көп пайдасын тигізеді деген үміттемін.

Айта кеткен жөн, жоба алғашқы жылдың өзінде ел бойынша 7 млн-нан астам баланы қамтиды.

 

Гүлден Сембаева