Құқық қорғау органдары

Өткен жылы жасөспірімдер арасында 40-қа жуық қылмыс тіркелген

Өткен жылы солтүстікқазақстандық жасөспірімдер 39 қылмыс жасаған. Оның 17-сі – колледж студенттері. Жастардың арасында болатын өрескел әрекеттердің қалай алдын алуға болады? Бұл мәселе тәртіп сақшылары мен педагогтердің бас қосуында талқыланды.

БАУЫРЖАН ЗЕЙНУЛЛИН, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Оқуға түскен 1-ші курс студенттерінің барлығы бейімделу кезеңінде автоматты түрде колледжішілік есепке қойылады. Девиантты және аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім жастар құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комисссияның шешімімен тәуекел тобына кіреді. Бүгінде олардың саны – 242 адам. Қалалық полиция басқармасында 20 адам есепте тұр.

2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста есірткі таратып, оны жарнамалағаны үшін 15 оқушы мен студент жазаға тартылған. Оның 12-сі бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр.

АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:

– Кездесу нәтижесі бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар мен оларға қатысты құқық бұзушылықты болдырмау бойынша шаралар әзірленді. Осы бағыттағы жұмыс ұдайы түрде жүргізіледі және полиция департаменті басшылығының қадағалауында болады.

Ювеналдық полиция қызметкері Динара Мұқанова жасөспірімдер арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – ұрлық дейді. Былтыр мұндай 5 факті анықталған. Сондай-ақ, қорқыту бойынша – 2-еу, алаяқтыққа қатысты да 2 факті тіркелген.

ДИНАРА МҰҚАНОВА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:

– Бала сабаққа келмей жүрсе, бірден себебін білу керек. Жүріс-тұрысын бақылап отыру қажет. Әсіресе, жатақханада тұратын жастар назарда болған жөн.

Полицейлер педагогтармен осындай сипаттағы кездесулер өткізу
жасөспірімдер арасында болатын қылмыс санын азайтуға ықпалын тигізеді деген ойда.

 

Мәдина Қаби