Білім

НЗМ-де Арт фестиваль өтіп жатыр

Қазақ үшін аянбай тер төккен зиялылардың еңбегі тағы бір еске алынды. Шынайы образдар мен жүректен шыққан сөздер. Осының барлығы бүгін Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында бастау алған Арт фестивальде тоғысты. Дәстүрлі шараға айналған сайыс түріне 7 мен 12-сынып аралығында білім алып жатқан оқушылар қатысуда.

СӘУЛЕ МҰҚАНОВА, химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

– Бүгін мектебіміздегі оқушылардың қосымша алған білімдерінің нәтижесін көретін сәт. Яғни, оқушылар түрлі үйірмелер мен секцияларға барғандықтарының нәтижесін көрсетеді. Биыл халқымыздың өмірінде орын алатын тарихи тұлғалардың мерейлі тойларына арнадық.

Барлығы – 11 топ. Алғашқылардың бірі болып сахнаға шыққан – “Жалын” шаңырағы. Олар Алаш зиялыларының ағарту саласына, қазақтың сауаттануына қосқан үлестерін сахналады. Сол кездегі ұлтымыздың, оның ішінде жастардың жанайқайын келген көрерменнің жүрегіне жеткізгендей болды. Тіпті, заманауи әуен қосып, қойылымға ерекше әсер берді.

ЖӘНИЯ МҰСТАФИНА, химия-биология бағытындағы НЗМ 10-ынып оқушысы:

– Мен сол кездердегі революционердің рөлін ойнаймын. Рөлім арқылы революцияның мақсатын халыққа жеткіздім. “Халық ойы ескерілмейді”, “Қазақ билесін” және “Мәскеу үкіметінің шешімі әділетсіз” деп жанайқайымды жеткіземін.

Жалпы, әр топтағы ұл-қыздың саны 40-тан 60-қа дейін барады. Кейбірі спектакльдің өзінде бой көрсетсе, қалғаны ән мен жарыққа жауап береді. Фестивальдің өзі 2 күнге созылмақ. Бүгін 6 топ өнер көрсетсе, 5-еуі ертең шығады.

 

Ақжүніс Мұқатай