Қоғам

Мамандандырылған ХҚКО-ның автодромын қардан тазалайтын мердігер ауысты

Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының аумағында жұмыс қызған. Мұнда бірнеше арнайы техника мен қолдарына күрек ұстаған адамдар автодромды қардан тазалап жатыр. Жаңа жылдан бастап бұл іспен өзге мердігер айналысады.

ҚАНАТ МҰҚАШЕВ, «Көмек» ҚБ төрағасының орынбасары:

– Тиісті жұмысты күнде жүргіземіз. Оған бір трактор бекітілген. Ол үнемі автодромда тұрады. Сынақ тапсырылмайтын күндері жүк тиегішті пайдаланып, жиналған қарды кесте бойынша шығаруға тырысамыз. Аумаққа көктайғаққа қарсы құм мен тұз да шашылады. Бізде қолмен жұмыс істейтін 3 адам бар. Жалпы, өз міндетімізді абыроймен орындап жатырмыз деп айта аламын.

Автодромды қардан тазалау мәселесі бекерден-бекер көтерілген жоқ. Бұрынғы мердігер өз ісіне жүрдім-бардым қарапты. Салдарынан аумақ ақ ұлпаның астында қалған. Бұл емтихан тапсырушы адамдарға қиындық келтірген екен. Яғни, жүргізуші куәлігіне келген жандар сынақтан сүрініп отырған.

ВЛАДИМИР ЛОБОДА, «ПТУЦ Тұлпар» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Жолақтар көрінбейді, ал дөңес жерді мұз басқан. Мұндай жағдайда емтиханды бірінші былай тұрсын, үшінші мүмкіндікте де тапсыра алмайсың. Бізден 5-6 адам барды. Олар енді сынақты қар еріп, барлығы анық көрінетін көктемге қалдырып отыр. Мынадай шарт барын айта кетейік, егер адам автодромда 3 рет сүрінсе, теориялық экзамен жойылады. Екінші мәселе – орталықта тіркеменің болмауы.

Орталық мамандары мәселеден хабардар. Қазір көпшіліктің талқысына түскен түйткіл шешіліп жатыр. Бұған қоса, автодромға қосымша жабдықтар сатып алыныпты. Бұны практикалық емтихан тапсырушы адамдар біле жүруі тиіс.

ЖАҚСЫЛЫҚ КЕНБАЙ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕ АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Қар жауады. Кейбір жерлерде жол белгілері көрінбейді. Сондай жерлерге арнайы жабдықтар қойылды.

Статистикалық ақпармен бөлісейік, қазір орталықта күніне 15-20 адам емтихан тапсырады. Солардың 3-4-еуі ғана жүргізуші куәлігін алады екен.

 

Байболат Құлтанов