Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз орналастыру мәселесіне жылда кез болады. Халыққа айтылып жатыр, әкімшілік шаралар да қабылдануда. Алайда, қоғамның қоршаған ортаға деген қамқорлығы көңілге қаяу салып тұр. Жалпақ жұртқа ортақ проблема өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті мәрте көтерілді.
ЖАСЛАН САДУЕВ, СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– Былтыр өңірде 274 орын анықталды. Оның 198-і рұқсат етілмеген орын болса, 76-сы – шекараны бұзу жайты. Бүгінгі күні барлығы жойылды.
Қоқыстар жер-жерде шашылып, мәселе туындамас үшін 9 аудан орталығында арнайы алаңдар салу керек. Маңызды жұмыс күн тәртібінде тұр. Жоспар бойынша көзделген жобалар 2027 жылға дейін жүзеге асады. Табиғатқа аяушылық танытпайтындар жазаға тартылатыны белгілі. Былтыр өңірде 20-дан астам хаттама толтырылған.
ЖАСЛАН САДУЕВ, СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– 28 әкімшілік жаза қолданылды. Жалпы сома 11 млн теңгеден асады. Тексерулердің нәтижесі бойынша 24 бұзушылық анықталды. 23 ұйғарым берілді. Бүгінгі күні 21 ұйғарым орындалды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жалғастырмақ. Сөз соңында мекеме басшысының міндетін атқарушы өңір тұрғындарын қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырды.
Байболат Құлтанов