Бүгінде ұялы телефон адамның айнымас серігіне айналған. Онсыз ешбір ісің бітпей, жан-жағыңдағылардан хабарсыз қаласың. Телефонды жұмыс немесе ақпарат көзі ретінде пайдалансаң жақсы ғой, әрине. Бірақ, екінің бірі олай істейді деп айту қиын. Телефонға тәуелділік – психологиялық дерттің бір түрі. Оны номофобия деп атайды. Бүгін осы терминнің мән-мағынасы туралы психолог Елена Скакунова студенттерге бастан-аяқ түсіндіріп берді.
ЕЛЕНА СКАКУНОВА, психолог:
– Номофобия – ұялы телефонсыз қалудан қорқу, өмірлік мәні бар заттан айырылып қалғандай күй кешу. Соңғы уақытта адамдар телефонның ішіне кіріп кетіп, шынайы өмірден алшақтап бара жатыр. Әр күнін түрлі гаджеттерде ойын ойнап немесе әлеуметтік желіде отырумен өткізеді. Ал өмірінің қалай сырғып өтіп жатқанын байқаймайды да. Әсіресе, жасөспірімдер жақындарымен ашық сөйлесіп, көңіл бөлмейді. Виртуалды өмірде өз әлемдерін құрып алып, сонда өмір сүруге дағдыланады. Есесіне, шынайы өмірде алатын эмоциядан құр қалады.
Номофобия адам өміріне қауіп төндірмесе де жағымсыз әсерлері жетерлік. Мысалы, шектен тыс қобалжу, бас айналу, уайым, жүрек соғысының жиілеуі. Америкалық ғалымдардың зерттеуінше адамдардың 66%-ы осы дертке шалдыққан. Дені жас қыз-жігіттерде байқалады екен. Біз бүгінгі іс-шараға жиналған ұл-қыздардан қанша уақыттарын телефонмен өткізетіндерін сұрап көрдік.
АЛИНА ШӘЙКЕНОВА, Ескендір Даутов атындағы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
– Сабақ немесе жұмыс басқа да қажеттіліктерімді телефон арқылы шешемін. Пайызбен айтатын болсам, телефонда күнімнің 70%-ын телефонда өткіземін. Мен телефонға тәуелді емеспін. Телефонға тәуелді жандарға кеңесім, уақыттарын пайдалы өткізу керек. Достарыңмен далаға шығып серуендеп келу, кітап оқу арқылы арылуға болады.
Психологтың айтуынша, номофобиямен әрбір адам күресе алады. Осы орайда қарбалас тірліктен бас көтермей жүрген қала тұрғындарының ойын білдік.
– Негізі, телефонға қатты тәуелді емеспін. Керек кезде ғана қолданамын. 10 сағаттан көп уақытым кетеді.
– Менде телефонға деген тәуелділік бар деп айта алмаймын. Уақытымның көп бөлігін баламмен өткіземін. Соған көңіл бөлемін. Кейде телефонымның қайда жатқанын да ұмытып қаламын.
Ұялы телефон уақытты ұрлайды,бірақ қайтарып бермейді. Мұны экранға телмірген әрбір жан ұғынса игі.
Ақжүніс Мұқатай