«Қызылжар» ФК Түркияның Белек қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Ұжым 5 кездесу өткізіп, біреуінде жеңді. Бұл туралы жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне арналып ұйымдастырылған баспасөз конференциясында айтылды. Бүгін петропавлдық команда «Лехия» командасымен ойын өткізбек. Теріскейлік футболшылар ақпанның 6-сы мен 22-сі аралығында Ресей бірінші дивизионының кубогында өнер көрсетеді. Сонда«Родина» мен «Амкал» клубтарымен күш сынасады. Тартысқа толы ойын тікелей эфирде көрсетіледі.
ГРИГОРИЙ ЛОРИЯ, «Қызылжар» ФК президенті:
– Жігіттер 3-4 күндік үзіліс алып, демалады. Кейін екінші оқу-жаттығу жиынына шығамыз. Бізді де Ресей бірінші дивизионының кубогына қатысуға шақырды. Онда мықты деген командалар болады. Оған енді барынша дайындаламыз.
Биыл футболшылар ойындарын сәуір айына дейін «Қарасай» стадионында өткізеді. Ал кейінгі оқу- жаттығуларын «Жастарда» жалғастырады. Себебі, алаң қайта жөндеуге жабылады. Жергілікті командадан бірнеше ойыншы кеткен. Олар: Иван Граф, Юрий Бушман және Пабло Подио. Бұған қарамастан құрама жаңа футболшылармен толығуда.
ГРИГОРИЙ ЛОРИЯ, «Қызылжар» ФК президенті:
– Командаға 2-3 адам жетіспейді. Үміткерлер жетерлік. Солардың ішінен бір мықты футболшы таңдап аламыз. Өздеріңіз білетіндей, клубтан бірқатар ойыншы кетіп қалды. Көпшілік оның себебін білгісі келіп, қызығушылық танытып жатыр. Біріншіден, олардың келісім шарттары аяқталды, екіншіден, отбасылық жағдай бойынша.
Осы орайда айта кетейік, өңірге 2024-2025 жылғы футбол маусымына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген.
Гүлден Сембаева