Қоғам

Қоғамдық өмірге белсене ат салысқан жандар марапатталды

Облыс орталығында қоғамның дамуына, оның ішінде жарымжан жандарға көмек қолын созып жүрген ұйым өкілдері марапатталды. Құрметке бөленген 4 адамға “Қазақстанның Патриоты” медалі табыс етілді. Соның бірі – Есіл аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виктор Кривошеев. Азаматтың айтуынша, бүгінде ауданда мыңдан астам кембағал тұрғын бар. Олардың 150-ге жуығы Явленка ауылында тұрады.

ВИКТОР КРИВОШЕЕВ, Есіл аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Біздің ұйым 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Балаларға арнап экскурсия ұйымдастырамыз, түрлі мерекелерге белсене қатысамыз. Жүгінген адамдарға әрқашан қол ұшымызды созуға аянбаймыз. Олардың құқықтарын қорғау үшін де тер төгеміз. Өз ішімізде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Бұл шараны облыстың Азаматтық альянс ассоциациясы ұйымдастырып отыр. Жиында ұйым басшылығы өткен жылды қорытындылап, алдағы іс-шаралармен бөлісті.

ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, СҚО-ның Азаматтық альянсы ассоциациясының төрағасы:

– Өткен жылы 900-ден астам әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды. Биылғы жоспар да ауқымды. Жүрегі кең жандар мүмкіндігі шектеулі адамдарға көңіл бөлуде. Олар дамуында ауытқуы бар ұл-қыздар мен жұмыс істеп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүр.

Айта кетейік, облыста 450-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, соның 89-ы аудандарда жұмыс істейді. Өткен жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы сомасы – 259 млн теңгеге 98 жоба жүзеге асырылды. Биыл 347 млн теңгеге 97 жоба жоспарланып отыр.

 

Гүлден Сембаева