Білім

Балаларды мектепте еңбекке баулу қажеттігі туралы айтылды

Солтүстк Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі кезекті кездесу ұйымдастырды. Күн тәртібіне 3 мәселе шығарылды. Алғашқысы – білім беру ұйымдарында балаларды еңбекке баулу. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, балабақша, мектеп пен колледж бұл бағытта маңызды рөл атқарады. Мінберге шыққан бейінді басқарма басшысының орынбасары тізімдегі жұмысты жіпке тізді.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Балаларды еңбекке баулу балабақша қабырғасынан басталады. Арнайы ойындар бар, кездесуге түрлі саланың тұтқасын ұстаған ата-аналар шақырылып, еңбектің пайдасы жайлы әңгіме қозғайды. Қоршаған ортаны жинау, қоқысты қайта өңдеу бойынша акциялар да ұйымдастырылып тұрады. Ал мектептегі ұл-қыздар пәннен бөлек, сенбіліктерге қатысады.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің бәрі айтылғанды ұйып тыңдағанымен, арасынан пікір білдіргендер болды. Гүлбақша Мұсабаева қолға балта мен күрек, ине мен жіп ұстаған кезді еске алды. Білім саласында ондаған жылдық тәжірибесі бар белсенді азаматша бұл дәстүрдің сақталмағанына қапалы.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Біз оқыған еңбекке баулу пәнін қалай жоғалтып алдық? Бәрі өзгеріп кетті. Ұл-қыздар жұмысқа бала күндерінен үйренбесе, машықтанбаса, болашақта қиындықтарға қалай шыдас береді? Осыны ойлауымыз керек.

Гүлбақша Мұсабаева әр оқушыға тоқсан соңында отырған орнын жуғызу жайлы да ой білдірді. Бала кездерінде еңбекке баулынған қоғамдық кеңес мүшелері ұсынысты қолдады. Алайда, басқарма өкілі тазалық шарасын енгізу мүмкін еместігін айтты. Себебі, қазіргі ата-аналар ұл-қыздарына мектепте шүберек ұстатқысы келмейді.

МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Біз сенбілік жарияласақ та ата-аналар тарапынан түрлі хабарлама аламыз. Олар балаларына мектептің маңын да жинатқысы келмейді. Иә, мәселе өте маңызды. Оның осындай жиындарда көтерілгенін қолдаймыз. Біз өзгеріс орнату үшін жан-жақты көзқарас қажет. Яғни, оқушы-ұстаз-ата-ана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы тиіс.

Бұдан соң жиынға қатысушылар өңірдегі діни ахал мен облыстық қоғамдық кеңестің биылғы жоспары жайлы сөз қозғады.

 

Байболат Құлтанов