Қоғам

Жауынгерлер ант қабылдады

Мына жігіттер әскери өмірге қадам басқалы тұр. Олар ант қабылдап, еліне адал қызмет етуге салтанатты түрде серт бермекші. Ұлттық ұланның 6637 бөлімі аумағына жүздеген адам жиналған. 187-сі – республиканың бірнеше өңірінен келген сарбаз. Мұратбек Торғай Тараз қаласынан келіп отыр. Ол әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеу керек деп есептейді. Болашақта өмірін темірдей тәртіп талап етілетін саламен байланыстыруды жоспарлап отыр.

МҰРАТБЕК ТОРҒАЙ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Астана қаласының тумасымын. Евразия университетінде IT мамандығына оқыдым. Шақырту Тараз қаласынан жіберілген, сол жақтан шақырту келген сон Петропавл қаласына келдім.

ШУХРАТ ӘШІМОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары:

– Бұл жерде Қостанай, Көкшетау, Астанадан және Қарағанды облысынан жиналған азаматтар тұр. Олар бір жыл көлемінде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады. Бұл сәт олардың мәңгілік естерінде қалады.

Жігіттерді қолдау үшін олардың жақындары мен туысқандары жүздеген шақырымды артқа тастап келіп отыр.

– Көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Осындай ел қорғайтын азаматтар көп болсын.
– Баламыз Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып шықсын.
– Немеремнің ант қабылдауына келіп тұрмын. Ел тыныш, уайым-қайғылары жоқ болсын. Елді қорғайтын азаматтар аман болсын.

Сарбаздар ант қабылдағаннан кейін жақындарымен қауышты. Естеріңізге сала кетейік, 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері көшедегі және түзету мекемесіндегі тәртіпті қамтамасыз етеді.

 

Мәдина Қаби