Ұлағатты ұстаз, профессор, облыстың құрметті азаматы. Петропавлда Зинаида Табакованы еске алу кеші өтті. Қарт ұстаз қаңтардың 18-інде 87-ге қараған шағында дүниеден озды. Зинаида Петровна саналы ғұмырын жастарды оқытуға арнады. Педагог жоғары оқу орнында 50 жылдан астам тер төккен. Орыс тілі және әдебиеті кафедрасында қызмет ете жүріп 300-ден аса ғылыми еңбек жазған. Осы кісінің жетекшілігімен 11 кандидат өз жұмысын қорғаған екен. Зинаида Петровна ғылыми жетекші және ұйымдастырушы ретінде де талантты жан еді деп еске алды әріптестері. Кафедраның ғылыми потенциалын арттыруға зор үлес қосқан. Филолог, тіл маманы, журналистер мен педагогтардың бірнеше буынын тәрбиелеген.
ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректор кеңесшісі:
– Зинаида Петровнаның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі қызмет істеп жатыр. Себебі, осы жылдар ішінде тек бакалавриат қана емес, магистранттарды да, сонымен қатар, журналист мамандарды да шығарды. Кандидаттық диссертация кеңесінің ашылуына мұрындық болып, бірнеше жыл қатарынан осы диссертациялық кеңестің төрайымы ретінде жұмыс атқарды. Кафедраның бірнеше оқытушысы ешқайда бармай-ақ осы диссертациялық кеңесте ғылыми жұмыстарын қорғап, бүгінгі күні филология ғылымдарының кандидаты атағын иеленіп жүр.