Демалыс күндері Петропавлда кекушинкай каратедан облыстық турнир өтті. Оған өңіріміздің түпкір-түпкірінен келген 400-ден аса жас спортшы қатысты. Жарыс балалар мен жасөспірімдер арасында өтіп жатыр. 6 жасар Әлімбет Қасет қарсыласын ептілігімен жеңіп кетті.
Каратемен айналысқанына 3-ақ ай болса да ол қарсы келген бәсекелестің осал тұсын анықтауға епті.
ӘЛІМБЕТ ҚАСЕТ, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:
– Мен қарсыласымды ұтқаныма қуанып тұрмын. Жақындарым маған сенді. Олардың үміттерін ақтадым. Осы спортқа әкелген әкем зор қолдау көрсетті.
Азат Бердімұратов – аққайыңдық спортшы. 15 жастағы жеткіншектің каратеге ден қойғанына жарты жылдан асқан екен. Ол қарсыласынан бүгін ұтылып қалды. “Ұтылсам да еш өкінбеймін, керісінше алға қарай ұмтыла түсемін”,- дейді спортшы.
АЗАТ БЕРДІМҰРАТОВ, турнирге қатысушы, Аққайың ауданы:
– Бірінші ойында ұтылып қалғаным өкінішті, әрине. Бар күшімді салып едім. Қарсыласым менен мықтырақ болып шықты.
Бұл – турнирге қатысып жатқан жас спортшылардың бірінші жарысы болып саналады. Өзін жақсы қырынан көрсеткендері халықаралық турнирде бақ сынайды.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО кекушинкай карате федерациясының президенті:
– Облыстық турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жас спортшылардың көрсетіп жатқан көрсеткіштері көңілден шығады. Жалпы, карате спорты өңірде жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Халықаралық турнирден оралған соң өз арамызда тағы бір жарыс ұйымдастырып жібереміз.
Үздіктер грамоталар мен медальдарға ие болды.
Мәдина Қаби