Қоғам

314-ші атқыштар дивизиясының ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті

2 жыл 3 айға созылған қаралы да қастерлі күндер. Ленинград блокадасының бұзылғанына биыл – 80 жыл. Тарихи датаның солтүстікқазақстандықтар үшін маңызы зор. Себебі, қара бұлттың сейілуіне өлкемізде құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы зор үлесін қосқан еді. Өткен сенбі күні Ленинградты жау қолынан азат етуде барын аямаған дивизияның Петропавлдағы ескерткішіне халық көптеп жиналды.

Жыл сайын қолдарына гүл ұстап, ата-баба рухына тағзым етуге келген теріскейліктердің қарасы қалың. Олардың қатарында облыстық “Чернобыль одағы” ҚБ төрағасы Ахатжан Арықов та бар.

АХАТЖАН АРЫҚОВ, “СҚО Чернобыль одағы” ҚБ төрағасы:

– Мұндай жойқын соғыстарды ұмытпауымыз керек. Өсіп келе жатқан жастарға, немерелерімізге үнемі айтып отырумыз керек. Осындай дүниенің қалай келгенін түсіндіруіміз керек. Тілейтінім ондай сұрапыл соғыс болмасын. Елімізге тыныштық берсін. Қазақстан жоғарыға көтеріле берсін.

Құрамында 10 мың жауынгері болған дивизияны халық бір минут үнсіздікпен еске алды.

 

Ақжүніс Мұқатай