Солтүстік Қазақстан облысының жер көлемі шағын болғанымен автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Жол – тіршіліктің күретамыры. Сондықтан, оны қалыпта жағдайда ұстау – жергілікті биліктің негізгі міндеттерінің бірі. Аққайыңдар өлкесінде жылда жүздеген шақырым жөнделеді. Игі дәстүр былтыр жалғасын тапқаны көпшілікке аян.
МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– 2023 жылы 700 шақырым жол жөнделді. Оның 480 шақырымы қолданысқа тапсырылды.
Өкінішке қарай, іске атүсті қарайтын мердігерлер әлі де бар. Олар түрлі себептерге байланысты миллиондарды игеруге келгенге тартыншақтанып қалады. Салдарынан “іші түтін, сырты бүтін” жұмыс ұсынылады. Мұндайға жол жоқ. Қазір жауапты орган бәрін мұқият тексереді.
ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры:
– Артта қалған кезеңде 1582 сынама алдық. Оның 597-сі нормативтік-техникалық талапқа сай келмеді. Бұл жалпы көрсеткіштің 37 пайызын құрайды. Жұмыс қабылданбай, мердігерлерге қайтарылды.
Саладағы тағы бір проблема – қысқы кезеңде жолдардың дұрыс тазаланбауы және қауіпсіздік шараларының ескерілмеуі. Жақында “Жезқазған-Петропавл” трассасында 1 күнде 2 апат болды. Салдарынан қос азамат ажал құшты. Біреу білсе, біреу білмес, бұл жолға “ҚАЖсервис” серіктестігі қызмет көрсетеді.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
– Жолдағы қауіпсіздікке ауа райы тікелей әсер ететінін ескеру қажет. Күн жылынды, артынша салқындады. Жаңбыр мен қар жауды. Мұның барлығы осындай жағдайға алып келді. Иә, мердігердің де кінәсі болуы мүмкін. Қазір полиция жайттың бүге-шүгесін тексеріп жатыр. Егер бұзушылық тіркелсе, біз өз тарапымыздан серіктестік басшысына айыппұл саламыз.
Жол жөндеу жұмысына қайта оралсақ. 2024 жылы өңірімізде 570 шақырым қалыпқа келтіріледі. Сонымен қатар, жалпы ұзындағы 70 шақырымды құрайтын ондаған көшеге өң кіреді.
Байболат Құлтанов