Жақында облыстық перинаталдық орталық базасында “Қамқорлық” ерте араласу орталығы ашылмақ. 360 балаға шақталған бөлімшеде орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, сондай-ақ, тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар, мерзімінен бұрын туған балалар оңалтудан өтетін болады. Сонымен қатар, кішкентай емделушілерге дене шынықтыру және кәсіптік терапия қызметтері де көрсетіледі. Орталық 31 қаңтар күні салтанатты түрде ашылмақ.
ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Тайынша ауданы қазір “Қамқорлық” қорымен келісіп, эскиздік жоба дайындап жатыр. Осы эскиздік жоба бойынша біз сметаға тапсырыс беретін боламыз. Чкаловта да оңалту орталығын ашпақпыз. Ол жерде Уәлиханов, Ақжар және Тайынша ауданының балалары ем алады.
Петропавлдағы көпес Янгуразов үйі 19-шы ғасырдың соңында салынған. Бұл үй тарихи-мәдени мұра ескерткіші қатарына кіреді. Ғимаратқа 2014-2016 жылдары ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген.
ЖАНАТ БАЙМҮСЕНОВ, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының міндетін атқарушы:
– Биыл бізге облыстық бюджеттен осы ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаражат бөлінді. Қазір қолымызда “Конбез” компаниясы әзірлеген ғылыми-жобалық құжаттама бар. Оның сомасы 270 млн теңгені құрайды.
Көпес Янгуразов үйін қайта қалпына келтіру жобасы 2 жылға шақталған. Ғимараттың қасбеті, жылыту жүйесі мен су құбыры және кәріз жүйесі жаңартылмақ.