Қоғамдық орындар, мемлекеттік мекемелер мүгедектер үшін қаншалықты қолжетімді? Орнатқан пандустың өзі ыңғайлы ма?
Бұл мәселе әлі де өзекті. Осы орайда арнайы құрылған мониторингілік топ рейдке шығып тұрады.
ДАНА ҚАЛИЕВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
– Мониторинг әкімнің кеңесшілерін тарта отырып жүргізіледі. Оған “Аmanat” партиясының өкілдері де қатысады. Мамандар нысандардың қолжетімділік дәрежесін бағалайды, бұзушылық тапса, мекеме иелеріне ұсыныс тастайды. Өткен жылы 240-тан астам тексеріс жүргізіліп, 217-сі бойынша ұсыныстар айтылды.
Мекеме иесі тиісті талапты орындаудан бас тартса,
мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментіне хат жолданады. Өткен жылы әлеуметтік қорғау органдарының хаттары негізінде департамент мамандары 30-дан астам тексеріс жүргізген.
ГАУХАР ҒАБДУЛЛИНА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
– Өткен жылы 125 нысанға тексеріс жүргізілді. Ол денсаулық сақтау саласында, білім беру және мәдениет объектілерінде жүргізілді. Жалпы, тексеру қорытындысы бойынша 300-ден астам бұзушылық анықталды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы 83 ұйғарым берілді. 22 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы сомасы 6 млн 452 млн теңгені құрайды. Бұзушылық табылған кезде ұйғарым беріледі. Берілген ұйғарым уақытында орындалмаған кезде айыппұл салынады.
Мамандардың айтуынша сынға іліккен меншік иелерінің 80 пайызы ғана қойылған талапты орындайды екен. Жиі кездесетін жайсыз жайттардың бірі – пандустар тым биік немесе сатының баспалдағы тым жоғары болып келеді. Облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі Владимир Эрман барлық дерлік ауданда болдым дейді. Айтуынша, бұл мәселе жер-жерде өзекті.
ВЛАДИМИР ЭРМАН, облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі:
– Әсіресе, қыстыгүні қозғалу қиын. Көп жағдайда жол жиектері, пандустар мен тротуарлар мүгедектер үшін ыңғайсыз болып келеді. Жол жиегі биік болған жағдайда арбамен аударылып қала жаздайсың. Бұл мәселе біздің қаламызда аса өзекті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне хабарласып, өтініш жазуларыңызды сұраймын.
Мүгедектер үшін қолжетімді орта қалыптастыру – бұл бүкіл қоғамның ортақ жұмысы дейді Владимир Эрман. Мамандар биыл бірінші жартыжылдықта 36 нысанды тексеруді жоспарлап отыр. Осы орайда айта кетейік, өңірде ерекше қажеттілігі бар 25 мыңға жуық адам тұрады.
Гүлден Сембаева