Қанат Сибанбай – жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-ші курс студенті. Болашақ маман көлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығына оқып жатыр. Алған білімін дуалдық оқыту аясында көлік сатумен айналысатын компаниялардың бірінде шыңдау үстінде. Дәл қазір осындағы қызмет көрсету орталығында машинаның тозған дөңгелегін ауыстыруда.
ҚАНАТ СИБАНБАЙ, жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-ші курс студенті:
– Осы жерде практикадан өтіп жүргеніме 2 жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Мамандар әрқашанда көмектесіп, түсінбегенімді айтып жүреді. Нақты түрде түсіндіреді. Қазіргі уақытта автокөліктерге техникалық көмек көрсету – өте қажет мамандықтың бірі. Себебі, көліктер кез келген жерде істен шығуы мүмкін.
Жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі мен «ВиВаГа-Лада» серіктестігі арасында тиісті келісім шарт жасалған. Білім ордасының студенттері 10 жыл бойы осы кәсіпорында тәжірибеден өтіп келеді.
Өтіп қана қоймай, жалақы алады әрі еңбегі сіңіп, өзінің маман ретіндегі машығын көрсетсе, келешекте тұрақты жұмысқа қабылданады.
МАКСИМ КОРОЛЕВ, компания директоры:
– Студенттер бізге келген кезде, негізі, біраз нәрсені біліп келеді. Білмегенін біз практика барысында түсіндіреміз, әр көліктің қыр-сырымен таныстырамыз. Болашақ мамандардың бізде тәжірибеден өтуі кадр мәселесін шешуге ықпал етеді.
Кәсіптік-педагогикалық колледж 10 ірі кәсіпорынмен және 20-ға жуық жеке кәсіпкерлікпен осындай келісім шарт жасасқан.
Мұнда жастар 11 мамандық бойынша оқиды. Оның бәрі – сұраныстағы мамандықтар.
ДИНАРА САНДЫБАЕВА, жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:
– Қазір осы компанияда 15-ке жуық студент практикадан өтіп жатыр. Жақсы жұмыс істейтіндерін кәсіпорын басшылығы кейін жұмысқа қабылдайды. Жыл сайын мамандығы көлікке қатысты жастарымыздың шамамен 80 пайызы алған білім бағытына сай еңбекпен қамтылады. Білімді маман бәсекеге қабілетті. Оларды оқытатын педагогтар да тұрақты түрде өндірістік тәжірибеден өтеді.
Қазір кәсіптік-педагогикалық колледжде мыңнан астам студент білім алып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қолына диплом алған түлектердің 90 пайызға жуығы жұмысқа тұрған.
Мәдина Қаби