Білім

Батыр Баянның туғанына – 310 жыл

Қамшының сабындай қысқа өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі үшін құрбан еткен ержүрек бабамыздың бірі Баян Батырдың туғанына биыл – 310 жыл. Елдігімізді сақтап қалуда жанын да, қанын да аямаған солтүстікқазақстандық дара тұлғаның есімі кітап беттерінен де, халқымыздың жадынан да өшпесі хақ. Бүгін айтулы датаға орай облыстық кітапханада “Батыр Баян – ел тарихындағы ұлы тұлға” атты тарихи кеш ұйымдастырылды. Жиынға өңір зиялылары мен студенттерден бөлек алпауыт тұлғаның ұрпақтары да келіп отыр.

ЗЕЙНОЛЛА ОЛЖАБАЕВ, Батыр Баянның 6-шы ұрпағы:

– Батыр Баянды ел-жұрт ұмытып жатқан жоқ. Қиын-қыстау уақытта елді қорғап, жаудан азат етіп, қазақ-татар мұсылман халқын аман сақтауға ат салысқан. Қожаберген жыраудың, одан кейін Тәуке ханның кезіндегі Абылай ханның ұрпақтары деп айтсақ болады.

Зейнолла Олжабаев – батырдың Бұлан атты баласынан тараған ұрпақ. Бұл күнде 96 жаста. Ал Аманжол Баймұратов – Батыр Баянның ізін жалғап келе жатқан 7-ші ұрпағы. Әулетіне сыйлы азамат сұхбат барысында тың деректермен де бөлісті.

АМАНЖОЛ БАЙМҰРАТОВ, Батыр Баянның 7-ші ұрпағы:

– 2015 жылы Батыр Баянның жатқан жері табылған кезде 20 шақты адам жиналып, құран бағыштаған едік. Садақа беріп, қой сойып, қанның иісін шығардық. 2017 жылы сосын сол жердің басын көтерумен айналыстық. Қарағандыдан 280 шақырым, Балқашқа 130 шақырым жетпей орналасқан Қарабұлақ ауылының қасында кесенесі жатыр.

Батыр Баянның есімі ұмытылмақ емес. Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында жерлесіміздің есімімен аталатын білім ұясы бар. Алматы қаласында батырдың атына көше де берілген.

 

Ақжүніс Мұқатай