Білім

Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық мектепте қос атаулы кабинет ашылды

Білім ұясына өмірін арнаған жандар ұмыт қалмайды. Бүгін Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында екі директордың құрметіне кабинеттер ашылды. Биология кабинетіне Жақсылық Ғалиевтің есімі берілсе, орыс тілі мен әдебиеті кабинеті Күлжән Төкенованың есімімен аталады. Жақсылық Мұқажанұлы білім ұясына 8 жыл бойы жетекшілік еткен. Осы кісі басқарған жылдары, 90-шы жылдары мектепті бүкіл ел таныған екен.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жақсылық Мұқажанұлы қазақ интеллегенциясының, қазақ зиялыларының ішіндегі ер адамдардың үлгісі десек артық емес. Отырған жері, сөйлеген сөзі, білім-біліктілігі, әдістемелік шеберлігі ол кісінің кезінде үлкен абыройға ие болды. Республика көлемінде танылды осы мектеп. Жақсылық ағамызбен жолдас болғаныма, замандас болғаныма өте қуаныштымын.

Күлжән Төкенова 2000-шы жылдары мектеп директоры болған.
Осы кісі жетекшілік еткен 15 жылда мектеп оқушылар олимпиадаларда оза шауып, ҰБТ тапсырғанда үздіктердің қатарынан түспеген. Білікті педагог Балдырған Ілиясов Күлжән Жұмашқызының әрі әріптесі, әрі жақын досы болған. Айтуынша, ол ұлтжанды болған әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысқан.

БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, “Баларман” балабақшасының директоры:

– Қазір сұхбат беруге жүрегім ауырып тұр. Себебі, бүкіл өміріміз бірге өтті. Қиын жағдай. Бірақ, екіншіден қуанып отырмыз, ол кісінің есімі мәңгілік қызмет істеген ұжымда қалады деп. Неге десеңіз? Ол кісі керемет патриот болды. Отансүйгіш, тілсүйгіш болды. Біреулер басқаша сөйлеп тұрса, әрқашан «өз тілімізде сөйлесейік» деп айтатын. Ол кісінің мінезі тез, шапшаң болатын. Көп ойланбайтын, ұйғарымды болды. Себебі, оның тәжірибесі мол болды.

Мектепте осымен 4 бірдей атаулы кабинет пайда болды. Кабинеттерге білім ұясына еңбегі сіңген жандардың есімін беру
тұлғалардың рухына деген тағзым әрі өскелең ұрпақ та әрқашан ол жандардың кім екенін біліп жүреді.

 

Мәдина Қаби