Қоғам

СҚО-да биыл 15 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға жәрдем беріледі

Мына бөлмеде SMM-менеджерлердің басы қосылған. Олар жарнамамен айналысады. Қатарлары жылдан-жылға толығуда. Арасында облыстық “Еңбек мобильділігі орталығы” арқылы жұмысқа орналасқан мамандар да бар. Мұндай қызметкерлер қызмет ұсынушыдан жалақы және табысының 70 пайызы көлемінде мемлекеттен субсидия алады.

ЮЛИЯ САЛТЫКОВА, SMM-менеджер:

– 2023 жылы орталыққа жүгіндім. Мамандар маған жұмыс ұсынды. Жаңа саланың қыр-сырын тез меңгеріп алдым десем болады. Бұл жерде маған бәрі ұнайды. Лайықты жалақы төленеді. Бұған өте қуаныштымын.

ДМИТРИЙ КАЧЕСОВ, жеке кәсіпкер:

– Өткен жылы бағдарлама бойынша 5 адамды жұмысқа қабылдадым. Биыл 10 адам қатарымызды толықтырмақ. Олардың арасында зейнет жасындағы жерлестеріміз де болады. Қолға алынған бастама өте тиімді. Қазір мамандарымыз лайықты табыс табады.

Өткен жылы облыстық “Еңбек мобильділігі орталығы” ауқымды істің басын қайырды. Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 6 жарым мың адам қамтылды. Оның 4 жарым мыңға жуығы субсидияланатын қызметке тұрды. Бұл 22-дегі көрсеткіштен 14,6 пайызға көп. Сонымен қатар, 11 300 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

БОТАКӨЗ ОРАЗБАЕВ, СҚО Еңбек мобильділігі орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

– Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік оқытуға 300-ден астам жұмыссыз жіберілді. Сондай-ақ, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1 255 адам қамтылды.

Орталықтың биылғы жоспары да ауқымды. Ағымдағы жылы өңірде 15 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға жәрдем берілмек.

 

Байболат Құлтанов