Спорт

Облыс әкімі Петропавлдағы спорт нысандарын аралады

«Дельфин» су спорт түрлері олимпиадалық резервінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 360-тан астам тәрбиеленуші бар. Спорт нысанында былтыр екі күрделі жөндеу жүргізілген. Мекеменің шатыры 67 млн теңгеге, ал бассейн 55 млн теңгеге қайта қалпына келтірілді.

АЗАМАТ ХАБДУЛЛИН – “ДЕЛЬФИН” БЖСМ басшысының орынбасары:

– Біздің 11 тәрбиеленушіміз – ҚР құрамасының, ұлттық құрама командаларының мүшесі. Тағы 2 тәрбиеленушіміз Яна Лукьянчикова және Егор Василенко биыл ақпан айының соңында Филиппинде өтетін Азия чемпионатына қатысады. Олар Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының намысын қорғайды.

Кейін өңір басшысы олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернат колледжіне де барды. Бұл жерде балалар спорттың 14 түрінен дайындалады. Колледжде 2021 жылы хоккей бөлімі ашылған. Қазіргі уақытта 370-ке жуық оқушы білім алады. Ғимаратта 100 орындық асхана, түрлі тренажер залдары және жатақхана бар. Студенттер үшін тағы бір кешен салу жоспарланған.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ – облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

– 2018 жылы бұл мектеп спорт мектеп-интернат колледжі болып өзгертілді. Бұл жерде балалар 11-ші сыныпқа дейін оқып, кейін осы жердегі колледжде оқуын жалғастыра алады. 3 жыл білім алып қолдарына диплом алады.

Ғауез Торсанұлы олимпиадалық резервті дайындау орталығының шаңғы базасының жұмысымен де танысты. Мұнда шаңғыларды дайындауға арнайы кабиналар, трибуналар қою жоспарланған.

ОЛЬГА НАДОБЕНКО – олимпиадалық резервті дайындау орталығының басшысы:

– Қажетті кабинкалар, трибуналар 1-2 аптадан кейін жеткізіледі. Сондай-ақ, біз халықаралық стандарт бойынша электрондық хронометражды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің аяғымызға транспондерлер қою үшін қажет.

Орталық директорының сөзінше, мұнда тек бір шаңғы жолағы ғана жарықтандырылған. Тағы 2,5 шақырымға жарық қою керек. Орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңартуға шамамен 20 млн теңге қаражат жұмсалған.