Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлерін қолдау

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен кеше Пар­ламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы өтті. Халық қалаулылары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет әзірлеген денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Соның бірі – ауылдағы медицина мамандарының жаңа көтерме жәрдемақысына қатысты. Оның көлемі 100 ең төменгі жалақыны яғни, 8,5 млн теңгені құрайды. Бұл норма партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау аясында қабылданды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының шеңберінде біз ауылға баратын жас мамандарға, соның ішінде медицина қызметкеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеуге қаржы бөлдіру туралы уәде берген болатынбыз. Ал бұл көрсеткіш бізде биылдан бастап 85 000 теңге боп өскенін ескерсек, көтерме­ақының жалпы сомасы 9 млн-ға жуық ақша болмақ.

Жобаның мақсаты – медицина саласындағы маман­дарды қолдау, ауылдағы денсаулық сақтау сала­сын дамыту және кадр жетіспеушілігін шешу. Сондай-ақ, бұған дейінгі ақ халаттыларға мемлекет тарапынан көрсеткен қолдаулар өзгеріссіз қала бермек.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ең төменгі жалақыға байлап отырғанымыз да өте маңызды, өйткені бұл сома алдағы жылдары бұдан да өсе түсуі әбден мүмкін. Одан бөлек, «Дипломмен ауылға» көтермеақысы бар, басқа да жеңілдетілген несиесі бар, олардың бәрін ешкім алып тастаған жоқ. Бұл ауыл үшін де, жас ма­ман үшін де үлкен көмек болмақ. Ен­деше «AMANAT» партиясы өз уәдесін орын­дады деп сеніммен айта аламын.

Сондай-ақ, басқосуда елі­мізде бірінші рет денсаулық сақтау сала­сындағы ерекше еңбегі үшін біржолғы 1 000 АЕК төленетін «ҚР Еңбек сіңір­ген дәрігері» құрметті атағы таға­йын­далмақ. Дәл осылай меди­цина қызметкерлерінің мәртебесін арт­тыру мақсатында біржолғы 500 АЕК көлемінде төлей оты­рып, «Өз мамандығының үздігі» атағын беру де көзделуде.

 

Гүлден Сембаева