Өңір аумақтарында жылдағыдай қар тоқтату жұмыстары қарқын алды. Іске білек сыбана кіріскендердің арасында Мамлют ауданына қарасты Новомихайловское елді мекенің шаруалары да бар. 10 мыңнан астам гектар жері бар ауыл атауымен аталған серіктестік “Жаздың қамын қыста ойла” ісін желтоқсанның ортасынан бері жүргізіп келеді.
АРТУР БАЙДЕЛЬ, “Новомихайловское-2003” ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:
– Біз жыл сайын арпа, сұлы, қарақұмық егеміз. Майлы дақылдардан рапс, зығыр бар. Биыл алғаш рет бұршақ пен жасымық егіп көрмекпіз. Былтырғы егінде 22 центнерге дейін өнім алдық. Ал майлы дақылдан – 2 центнер. Жалпы, былтырғы өнім көлемі мен сапасы ойдағыдай деп айта аламын.
Қазір серіктестікке қарайтын алқапта жалғыз техника жұмыс істеп жатыр. Трактор тізгіндеген жұмысшы арасына 2-3 метр қалдыра отырып түгелімен жүріп өтеді. Қардың қалыңдығы да есепке алынады. Негізі, қар тоқтату жұмысы ақ ұлпаның кемі 15 см боп түскенде бірақ жүргізіле бастайды. Ал мына жерге жауған қардың қалыңдығы 30-35 см-ді құрайды. Атқарылып жатқан істің екі бірдей пайдасы бар. Біріншіден, қар жан-жақтан ысырылатындықтан жол тазарады, екіншіден көктем уақытында топырақ тіршілік көзін өзіне сіңіріп алады. Ал бұл мол астық жинауға зор үлесін тигізеді.
АРТУР БАЙДЕЛЬ, “Новомихайловское-2003” ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:
– Қар тоқатау – үнемі қажет етілетін жұмыс. Күз жауын-шашынды болғанымен, жердың ылғалдылығы төмен болуы әбден мүмкін. Су ешқашан артықтық етпейді. Жаздың қандай болатытын білмейміз ғой. Болжағанымызбен орындалмауы да мүмкін. Сондай-ақ, қар тоқтату аяздан кейін, қар әбден қатқанда басталады. Сосын плюстік температура көрсетілгенде аяқталады.
Соңғы жылдары елдегі кейбір елді мекендерде су тапшылығы белең алып, құрғақшылық қыңырлығын көрсеткені бар. Ол қиындықты еңсеріп, егін жинау науқанына кіріскен кезде жауын-шашын толастап, жығылғанға жұдырық болып еді. Осылайша табиғаттың заңдылығынан шыққан қиын шақтардан сабақ алған ауыл еңбеккерлері алдын алу шараларын мықтап қолға алуда.
Ақжүніс Мұқатай