Білім

Сольфеджиодан облыстық олимпиада өтті

Бүгін қаладағы “Жас дарын” өнер мектебінің қабырғасында сольфеджиодан облыстық олимпиада өтіп жатыр. Әр өңірден жиналған музыкалық және өнер мектептерінің 5-сынып оқушылары теориялық және практикалық сынақ тапсырмақ. Сайыс 2 кезеңнен тұрады. Барлығы – 20 шақты ұл-қыз алғашқы турда ритмикалық диктант жазады. Ноталық сауаттылықтары да сынға түседі. Арасында Ақжар ауданындағы “Серпер” өнер мектебінің оқушысы Мансұр Екпеш те бар.

МАНСҰР ЕКПЕШ, “Серпер” өнер мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Мен “Серпер” өнер мектебінде домбыра сыныбында оқимын. Бұған дейін көп конкурстарға қатысқанмын. Астанаға да барып келгем. Баянда да ойнаймын. Мен бүгінгі жарыста жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Әуендегі аккордтарды табу, минор түрін анықтау және музыкалық белгілермен жұмыс. Бұл – олимпиаданың 2-ші кезеңіндегі тапсырмалар. Балалардың қарқыны жақсы. Жарысалды дайындықтары қызу болған көрінеді. Бүгін өнерлі балаларды осында жетелеп келген ұстаздар да өзара тәжірибе бөлісіп үлгеруде.

АМАНЖОЛ ҚАЙЫРДЕНОВ, “Серпер” өнер мектебінің бөлім жетекшісі, Ақжар ауданы:

– Сольфеджио пәні – музыка теориясы, ноталардың орналасуы, дыбыс аралықтары, интервалдар туралы. Бүгінгі жарыста 5-сынып балаларының бағдарламасына арналған тапсырмалар болады. Бұл жарыстың мақсаты – балалардың аталмыш пән бойынша білімдерін сынау және музыка сауаттылығын арттыру. Осы уақытқа дейін бұл сайыстан жүлделі орындар иеленіп келе жатырмыз. Осы жолы да жақсы дайындалып келдік. 1-ші орын аламыз деген үміттеміз.

Жалпы, балалардың жұмысы ұпайлардың қосындысы бойынша бағаланады. Әрбір элемент – 1 балл. Нәтиже бойынша қатысушылар 1,2,3 дәрежелі “Лауреат”, “Дипломант” және “Қатысушы” атақтары берілген дипломдармен марапатталатын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай