Спорт

Мүмкіндігі шектеулі балалар коньки тепті

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кезекті қайырымдылық акция өтті. Мұнда ұл-қыздар коньки тепті. Шараға №2 арнайы мектеп-интернатының 60-қа жуық оқушысы қатысты. Жүздері бал-бұл жайнаған ұл-қыздардың мәре-сәре болуына себепкер – жергілікті дамыту орталықтарының бірі.

ЕВГЕНИЯ БОЙКО, дамыту орталығының жетекшісі:

– Біз спорт басқармасымен бірлесіп, мұндай шараны 2-ші рет өткізіп жатырмыз. Біріншісінде балалар жеңіл атлетика залында болды. Жүгірді, доп лақтырды, ойнады. Бұл бастама жалғасын табады. Жазда жүгіруден жарыс өткізбекпіз. Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Мұз айдынына келген балалардың кейбірі еркін сырғанап жүрсе, кейбірі енді ғана үйреніп жатыр. Дарья Лунековаға конькимен сырғанауды анасы үйретіпті. 14 жасар қыз демалыстың осы бір түрін ерекше ұнатады екен.

ДАРЬЯ ЛУНЕКОВА, №2 арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

– Мне тут очень сильно понравилось, тут шикарный лед.

Шара соңында ұл-қыздарға кішігірім сыйлықтар таратылды. Қоса кетейік, қазіргі таңда №2 арнайы мектеп-интернатында 300-ден астам бала білім алады.

 

Гүлден Сембаева