Қоғам

Үкімет отырысында әлеуметтік нысандар құрылысының барысы талқыланды

Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандар құрылысының барысы талқыланды. Жиынға тиісті ведомстволардың вице-министрлері, сондай-ақ, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде алдыға ауқытта 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынады. Өткен жылы өңірлерде 85 медициналық мекеме пайдалануға беріліп, оларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға баса назар аударылды. Ал осы жылға жоспарланған барлық нысандар бойынша жобалар сараптамаға жіберілді. Оның 113-і оң бағасын алып үлгерді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қалған нысандар бойынша сараптаманы ақпан айының соңына дейін жедел әрі сапалы қарастыру тапсырылды. Былтыр 137 мың оқушыға арналған 165 білім ошағы пайдалануға беріліп, оқушылар игілігіне жарай бастады. Биыл елде тағы 300-ден аса білім ошағы, 4 сауықтыру және 10 қосымша білім беру орталығының құрылысы қолға алынбақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін студенттер үшін 14 жаңа жатақхана салынып, тағы 4 жатақхана қайта жаңартылады. Нәтижесінде жоғары оқу орындары мен колледждерде тәлім алатындар үшін тағы қосымша 10 мыңнан аса орын пайдалануға беріледі.

 

Гүлден Сембаева