Өңірге Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы келді. Бір топ маманның арнайы келудегі мақсаты – өрт сөндірушілерді толғандырған мәселелерді талқылау.
Осы орайда Петропавлда жергілікті құтқарушылардың қатысуымен жиын өтті.
ӘРЛЕН БҮРКІТБАЙ, ҚР ТЖМ басқармасының бастығы:
– Тағы бір басты проблемалардың бірі – құтқарушылардың әлеуметтік жағдайларын дұрыстау. Ол жаңағы, күнделікті өтемақыларын көбейту және кезекшілікте тұрған кезде тамақ үлестерінің ақшасын төлеу, пәтерақыларын төлеу, тағы да басқа әлеуметтік жағдайларын көтеру болып отыр.
Мамандардың айтуынша өрттің 70 пайызы көп жағдайда жер үйлерде болады. Оның себебі: шылым тұқылын қалдыру, газды жаппау және пешті дұрыс қолданбау. Салғырттықтың салдары орасан. Облыста қаңтардың 19-ызындағы жағдай бойынша жыл басынан бері 27 өрт болған. Мамандар тілсіз жаумен күресте профилактикалық жұмысқа басымдық беру қажет дейді.
СЫРЫМ ҚАЛИЕВ, Ақжар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
– Жұмыс барысында көптеген оқиғалар болды. Қаншама адамдарды құтқардық. Өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіреміз. Қалада жұмыс істеу қиынырақ. Бірақ, ауданда шақыртулар аздау. Не дегенмен, уақытында шығып, өрттерді тежейміз.
Іс-шара құтқарушыларды марапаттау және концерттік бағдарламамен жалғасты. Бірқатар құтқарушы мінсіз қызметі үшін медалдарға ие болды.
Мәдина Қаби