Қоғам

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері мен ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты. Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте профилактикалық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек.

Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударуы кездейсоқ емес. Өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 22 пайызға артқан. Президенттің айтуынша, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция қызметкерлері мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуді талап етіп, киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа тосқауыл қоюды да тапсырды. Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп сақшылары қоғамның мұң-мұқтажын ести білуі және оларға ден қою қажеттігін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қоғаммен бірге полиция да өзгеруі тиіс. Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек.

Алқа отырысының барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ағымдағы жылы орта буын басшыларының кезектен тыс аттестациясын өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы мұндай бастаманы қолдады.

 

 

Гүлден Сембаева