Түрлі гаджеттердің пайда болуымен интернет-алаяқтықтың да түр-түрі шығып жатыр. Қылмыскерлер қашықтықтан отырып-ақ, арам ойларын жүзеге асыруда. Мәселен, былтыр облыста интернет-алаяқтықтың 770-тен астам фактісі тіркелсе, оның 400-ге жуығы «банктен қоңырау шалу» әдісі арқылы жасалған. Сондай-ақ, алаяқтардың құрығына түсетіндердің басым бөлігі – оңай олжа тапқысы келген жандар, жастар және егде жастағы кісілер.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
– Былтыр облыста 770-тен астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, шығын көлемі 800 млн теңгені құрады. Сондықтан, өңір тұрғындарынан абай болуды сұраймыз. Ешкімге өздеріңіз туралы деректерді бермеңіздер. Банк карточкасының нөмірлері мен жеке куәліктеріңізге мұқият болыңыздар. Жәйттің анық-қанығын білмейінше бөтен нөмірге ақша аудармаңыздар. Ғаламторда отырған кезде сақ болыңыздар.
Осы орайда Петропавлдағы ірі сауда үйлерінде алаяқтықтың алдын-алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Еріктілер тұрғындарға 150-ден астам жаднама таратты. Парақшаларда айлакерлерден сақтану әдістері және мамандардың нөмірі жазылған.
НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, қалалық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:
– Бұл акцияға жастар ресурстық орталығы, полиция басқармасы және Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мамандары қатысуда. Акция 3 күн бойы сауда үйлерінде өтеді. Негізінен, алаяқтық жағдайларына үлкен кісілер тап болады. Себебі, олар дүрбелеңге тез бой алдырады. Алаяқтық жағдайлардың алдын алу – алаяқтардың көп таралған схемаларымен халықты таныстыру.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені, мәселе өзекті. Өңірде жыл басталғалы интернет-алаляқтықтың 20-дан астам фактісі тіркелді.
Ақжүніс Мұқатай