Ауыл шаруашылығы

Үлгілі кәсіпкерлер

Шал ақын ауданына қарасты Повозочное ауылында 500-ден астам адам тұрады. Елді мекеннің дамуына жергілікті 3 серіктестік ықпал етіп жатыр. Соның бірі – «Агро Север». Кәсіпорын 97-ші жылы құрылған. Біраз жері бар. Бидай егеді. Мыңға жуық пайшысы бар.

НИКОЛАЙ ЛУГОВОЙ, «Агро Север» ЖШС басшысы, Шал ақын ауданы:

– Азаматтардың жарнапұлдарын уақытында беріп отырамыз. Тұрғындар өз үлестерін ақшалай немесе жемшөп түрінде алады. 17 мың гектар жеріміз бар. Оның 8 мыңнан астамы – пайшылардың жері.

Тиісті пай үлесін алатындардың бірі – Найля Хайрутдинова. Нәзікжанды осы елді мекенде туып өскен. Ол жыл сайынғы жарнапұлын жемшөп ретінде емес, ақшалай алады.

НАЙЛЯ ХАЙРУТДИНОВА, Повозочное ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Мен өткен күзде 31 мың теңге алдым. Менің 5 бауырым бар. Олар да жарнапұлдарын ақшалай алғанды жөн көреді, өйткені, қалада тұрады.

Серіктестікте 140-қа жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы Николай Луговой сырттан келген отбасылы, көпбалалы еңбеккерлеріне арнап 7 үй салып берген. Мына жабық хоккей кортын да орнатқан – осы іскер азамат. Құрылысына 100 млн теңге жұмсалған нысанның игілігін 30-ға жуық бала көріп жүр. Кәсіпкер қыста жолды тазаласа, жазға қарай ауылды абаттандыруға үлес қосады. Ауылда былтыр білім ұясы жөндеуден өткен. Мектепте 40-қа жуық мұғалім жұмыс істейді, 140-қа тарта оқушы оқиды.

МӘРИЯШ ОМАРОВА, Повозочное орта мектебі оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Шал ақын ауданы:

– Біздің мектебімізге қосқан үлесі зор. Көп көмек көрсетеді. 5-ші мен 11-сынып аралығындағы балалар тегін тамақтанады. Бұдан басқа балаларды тасымалдауға көмектеседі. Ортакөл және Минеевка ауылынан келіп балалар оқиды. Мектептің жылумен қамтамасыз етіп отыр.

300-ден астам халқы бар Мерген ауылы Городецк округіне кіреді. Мұндағы серіктестік – “Гермес Агро”. “Ол да өзге үлгілі кәсіпкерлер секілді жерін пайдаланып отырған елді мекенге қамқорлықпен қарайды”,- дейді округ әкімі Ербол Әбжанов.

ЕРБОЛ ӘБЖАНОВ, Городецк ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Жол тазалайды. Мектепке көмектеседі. Ауылдың әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөледі. Спорт кешенін салды 52 млн-ға. Балалар шынығып, дайындалып жатыр. Волейбольный командасы бар өзінің. Мектептің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр.

«Гермес Агро» серіктестігінің құрылғанына 20 жылдан асқан. 13 мың гектарға жуық жері бар. Ауыл тұрғындарының дені осында жұмыс істейді. Агроқұрылымнан пай алып отырған азаматтардың саны мыңға жуықтайды. Өткен күзде олардың басым бөлігі тиісті үлестерін ақшалай алған.

ЕСЕНАЛДЫ СӘДУАҚАСОВ, «Гермес Агро» ЖШС бригадирі, Шал ақын ауданы:

– Біз бидай, арпа егеміз. Майлы дақыл да өсіреміз. Пайшыларымыз – 3 ауылдың тұрғындары. Тиісті үлестері жылда тиісті көлемде үлестіріліп отырады.

Кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Соңғы кездері жастар тартыла бастаған. Мағжан Қажығалиев – “Гермес Агро”-да бағдарламашы болып еңбек етеді. Жас маман жұмысына күнде көрші ауылдан келеді.

МАҒЖАН ҚАЖЫҒАЛИЕВ, «Гермес Агро» ЖШС бағдарламашысы, Шал ақын ауданы:

– Зарплатасы жақсы. Премия беріп тұрады. Жұмыстың маусымына байланысты ақы да өседі. Осы мекемеден менің ата-анам пай алады. Жылда келіп аламыз. Осы жақтан артып, өлшеп береді. Техникасы жоқ адамдарға үйлеріне апарып береді.

Ауылда қонақ үй, шағын сауда орны бар. Тұрғындар қаладан кем өмір сүріп жатқан жоқ. Жұмыс бар, жалақылары көңілден шығады. Алдағы уақытта ауылда тағы бір жұмыс көзі пайда болады. Мұнда 600 басқа арналған сүт-тауарлы ферма салынғалы жатыр.

– Жұмысқа басқа ауылдан жастар көшіп келіп жатыр. Сонысы бізді қуантып жатыр. Пайды кісі басына 725 кг береді. Өзінің жұмысшыларына шөп-сабанды 50 пайыз жеңілдікпен береді.
– Біз пайды бидаймен аламыз. Кез келген уақытта барып ала береміз. Шағын кәсібіміз бар. 12 сауын сиыр ұстаймыз.

Бұл – Ысқақ Ыбырай ауылы. Мұнда «Ибраева» серіктестігі орын тепкен. Кәсіпорыннан жылына 170-тен астам пайшы өз үлестерін алып тұрады. Былтыр жалпы көлемі – 4,5 млн теңге жарнапұл төлеген.

ДӘМЕЛІ АЛЬМИШЕВА, «Ибраева» ЖШС бухгалтері, Шал ақын ауданы:

– Мың жарым гектар жеріміз бар. Шөп, сабан, жем тегін беріледі. Еңбекақыдан ұстамайды. Пайды жыл сайын қосып жатыр. Былтыр 1 кісіге 600 кг болса, биыл 1 тоннадан берілді. Ақшалай алатындарға 50 мыңнан берді.

Қойшыбай Шәниев – Ысқақ Ыбырай ауылының тұрғыны. Елді мекен соңғы 50 жылдың ішінде адал кәсіпкерлердің арқасында көркейіп келеді дейді.

ҚОЙШЫБАЙ ШӘНИЕВ, Ысқақ Ыбырай ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Ауыл әжептәуір көтеріліп, оң өзгерістер орын алып жатыр. Көшемізге тас жол төселген, суымыз бар. Шаруа қожалықтары жұдырықтай жұмылып, Мәдениет үйіне жөндеу жүргізді.

Жалпы, Ысқақ Ыбырай ауылында 500-ге жуық адам тұрады.

 

Гүлден Сембаева