ТКШ

Жарық пен жылу құны қымбаттауы мүмкін

Бүгін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде кезекті кездесу өтті. Күн тәртібіне шығарылған мәселе – жарық пен жылу құнын арттыру. Алғашқысын халық үшін 22 пайызға, ал екіншісін 291 теңгеге қымбаттату көзделіп отыр. Мұның себебін «Севказэнерго» басшысы түсіндірді.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

– Тариф өзгерісіндегі негізгі себеп – көмір. Қазіргі қолданыстағы құжатта шикізат үшін 2 300 теңге көрсетілген. Ал негізінде сатып алу құны 3 мың теңгеден асып жығылады. Яғни, 800 теңгеге шығындалып отырмыз. Түптеп келгенде, бұл – бірсыпыра қаржы.

Өңірдің энергетика саласына мамандар ауадай қажет. Мысалы, Петропавл 2-ЖЭО-да 250 бос орын бар. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тапшылық еселеп артуы мүмкін. Ал тариф өзгерсе, станцияның тамырына қан жүгіртуге болады.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

– Бізді толғандыратын екінші мәселе – персоналдың жалақысы. Тағы да құжаттарды парақтасақ, мамандардың орташа кірісі 181 мың теңге екенін көреміз. Мұндай көрсеткішке көңіл толмайды. Біз табысты 189 мыңға дейін арттыруды көздеп отырмыз.

Бүгін әзірге қоғамдық тыңдалым өтті. Яғни, тараптар бір-бірін тыңдап, жоспарды ұғынды. Әлі бірнеше кездесу ұйымдастырылмақ. Онда да жан-жақты ұсыныс-тілектер ортаға салынады. Егер бастама қолдау тапса, теріскейліктер алғашқы ақпаннан бастап жаңа тариф бойынша төлем жасайды.

 

Ақжүніс Мұқатай