Ең мықты мен дескен, бір-бірімен белдескен. Мына бозкілемде белдесіп жатқан балуандар Елордада ақпан айының басында өтетін ел чемпионатына дайындалып жатыр.
Қызылжарда қарағандылық және қызылордалық балуандар да шынығып жатыр. Бір топ спортшы өңірге грек-рим күресінен тәжірибе алмасу мақсатында келген. Бұл – белгілі бір жоспар аясында жүргізіліп жатқан жұмыс. Қарағандылық палуан Нұрсұлтан Әбдірайымның айтуынша жарысқа деген дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр.
НҰРСҰЛТАН ӘБДІРАЙЫМ, балуан, Қарағанды облысы:
– Мен Қызылорда қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде орын иеленген болатынмын. Грек-рим күресімен тоғыз жасымнан бері айналысамын. Қазір жасым 18-де. Басында достарыммен қызық ретінде барғам, содан қазір спорт шебері ретінде айналысып жүрмін.
Қызылжарда бас тоғыстырған балуандар – түгелдей дерлік спорт шеберлері. Арасында әлем чемпионы атағын алғандар да бар.
Ел чемпионатында өңір намысын 9 спортшы қорғайды.
“Оларға артылған үміт зор дейді”,- облыс бапкері Қонысбек Түкенов.
ҚОНЫСБЕК ТҮКЕНОВ, грек-рим күресінен облыс бапкері:
– Негізі, біз осы Петропавл қаласында дайындаламыз. Қаламызға көптеген командалар келеді. Ресей мемлекетінен, Қарағандыдан, Астанадан келеді. Чемпионат ересектер арасында өтеді.
Балуандар таңнан кешке дейін тынымсыз тер төгіп жатыр. Өйткені, осы чемпионаттың барысында Францияда өтетін Олимпиадаға берілетін жолдамалар сарапқа түседі.
ЕРМЕК КУКЕТОВ, бапкер, Қызылорда облысы:
– Ең бірінші мақсатымыз – 2024 жылы Франция Олимпиадасына жолдама сарапқа түседі. Соған Қазақстан Республикасының нәтижесі бойынша сайысқы мықты деген палуандар аттанады.
Қоса кетейік, Қазақстан чемпионатына барлығы – 20-ға жуық команда қатысады екен. Дода грек-рим және еркін күрестен өтеді.
Мәдина Қаби