Қоғам

Православ христиандары Крещение мерекесін атап өтті

Бүгін көнеден келе жатқан мерекелердің бірі – православ сеніміндегі христиан қауымының “Крещение Господне” мейрамы. Таңғы сағат 8:30-да діни қызметкерлер суды қасиетті ету рәсімін бастап, дұға оқыды. Діни-нанымдарға сүйенсек, бұл күні су ерекше қасиетке ие болады. Түрлі ауру-сырқаудың алдын алады.

Есіл өзенінің маңына жұртшылық көп жиналды. Бірі жора-жолдастарымен, енді бір отбасыларымен келген.
Тұрғындардың кейбіреуі шомылып жатса, енді бірі қолдарындағы ыдыстарын суға толтырып жатты. Оқылған су үйге қойған жағдайда да бірнеше жыл бойы бұзылмайды екен. Ол суды православ сеніміндегілер аластау мақсатында немесе ем-шипа ретінде пайдаланады.

Негізі, бұл дәстүр шіркеу жарғысында белгіленбеген екен. “Оны кезінде қарапайым адамдар ойлап тапқан дейді”,- Петропавл және Булаев епархиясының хатшысы Сергий Первушин. Діни қызметкердің сөзінше, ойыққа үш рет шомылу адамды күнәлардан босатпайды.

СЕРГИЙ ПЕРВУШИН, Петропавл және Булаев епархиясының хатшысы:

– Денсаулығында кінараты бар жандар үйдегі ванна мен моншада шомыла алады. Бұл тек оқылған су ғана емес, барлық тіршілік көзі қасиетке ие болады. Православ сеніміндегі жамағатты қасиетті мейраммен құттықтаймын.

Айта кетейік, облыста қасиетті су алатын және шомылуға арналған 30 орын бар. Оның 2-еуі Петропавлда орналасқан: қалалық жағажайда және өзен портында.

 

Гүлден Сембаева