Білім

Аудан ұстаздары жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуде

Облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру” қайырымдылық жобасы бойынша тәжірибе сабақтары ұйымдастырылды. Бастамаға физика, химия, биология, география, математика, информатика пәндері бойынша 5 білім ұясының ұстаздары қолдау көрсетті. Олар: Уәлиханов, Есіл, Мамлют, Жамбыл және М.Жұмабаев аудандары. Шара барысында мұғалімдер ашық сабақтарға, шеберлік сағаттарына және тәжірибелі әріптестері өткізген тренингтерге қатысты.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Бұл тек басы. Біз бұл мектептерге ұстаздарымызбен шығып, сол жерге методикалық көмек көрсетеміз. Мақсат – жалпы мектептердің оқу сапасын және ұстаздардың тәжірибесін дамыту. Себебі, бұл мектептерге жаңадан құрал-жабдықтар әкелінген болатын.

Яғни, ұстаздар Петропавлда жаңа құрал-жабдықтармен дұрыс жұмыс істеуді меңгереді. Өз кезегінде алған білім мен жинаған тәжірибе ауылдық мектептерде оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

СЕРГЕЙ СУХАНОВ, Батыр Баян атындағы Булаев мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Осы екі күннің ішінде көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, лабораториялық жұмыстар ұнады. Мен кейбір тұстарды толық білмеген едім. Енді алдағы уақытта дұрыс жұмыс істейміз. Біз сабақ жүргізу барысында бұрынғы форматты қолданамыз. Ал, мына жерде барлығы жаңа форматта өтеді. Дарынды балалармен жұмыс істеуді меңгердім.

Келесі айда оқу үдерісін жан-жақты дамытуды қамтамасыз ету үшін гуманитарлық пән мұғалімдерін де осындай тағылымдамадан өткізу жоспарлануда. Жалпы, бұл жоба бойынша Қазақстанда 2024 жылдың соңына дейін 191 ауыл мектебі қамтылады.

 

Мәдина Қаби